Қазақстан-БАӘ: Құны 5 млрд доллар болатын келісімдер бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан-БАӘ: Құны 5 млрд доллар болатын келісімдер бекітілді

12.05.2025

Елімізде суперкомпьютер класстері құрылады. Қазақстанға ресми сапармен келген Абу-Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастық жөніндегі бірнеше маңызды құжатқа қол қойды. Сондай-ақ қос тарап құны 5 млрд доллар болатын коммерциялық келісімге келді. 

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Міне, өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Дабидің тақ мұрагерін қарсы алды. Қазір Ақордада екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту мәселелері қаралады. Айта кету керек, Біріккен Араб Әмірліктері – еліміздің араб әлеміндегі негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Тиісінше, қос мемлекеттің басшылығы тауар айналымын 1 миллиард долларға ұлғайтуды көздеп отыр.

Ал елімізге тартылған инвестиция көлемі былтырдың өзінде 1 млрд долларға жетті. Мәртебелі мейманды қарсы алу рәсімінен соң басталған келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы ең үздік 10 инвестордың қатарына кіретінін айтқан Президент алда жаңа бағыттар бойынша серіктестікті нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіз біз үшін өте мәртебелі меймансыз. Бұл кездесу стратегиялық салалардағы ынтымақтастығымызға жаңа серпін үшін аса маңызды саналады. Сапар аясында құны 5 миллиард долларды құрайтын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылатынын құптаймын. Оларды жүзеге асыру елдер арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты айтарлықтай ілгерілетіп, өзара тиімді байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді.

Қазақстанға алғаш ресми сапармен келген Халед бен Мұхаммед Әл Нахаян көрсетілген ілтипатқа алғыс айтып, Президенттің жаңа бағыттар бойынша ынтымақтастық орнату ұсынысын құптады.

Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Шейх, Абу-Дабидің тақ мұрагері:

Президент мырза, мен үшін бүгін Астанада болу үлкен мәртебе. Әрине, мен БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның ризашылығын білдіргім келеді. Әмірліктер Қазақстанмен өзара ынтымақтастықты әрі қарай ілгерілетуге бейілді.

Халед бен Мұхаммед бен Әл Нахаян 2016 жылдан бастап Ұлттық қауіпсіздік саласында бірқатар жоғары лауазымды атқарды. Ал 2023 жылы тақ мұрагері атанып, Әмірліктің Атқарушы кеңесін тізгіндеді. Бүгінде экономика және ғылыми зерттеулер саласын дамытуға белсене ат салысып келеді. Оның Қазақстанға келудегі мақсаты жаңа технологиялар бағытындағы әріптестікті нығайту. Президентпен келіссөздер барысында 10 келісімге қол қойылды. Солардың ең негізгілерінің бірі ретінде елімізде суперкомпьютер класстерін құру туралы жобаны айтуға болады.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Біздің Орталық Азиядағы ең бірінші суперкомпьютерлік класстер. Ол бізге жасанды интеллект модельдерін жасап жаттығуға, сосын қазақ тіліндегі үлкен тілдік модельдерді дайындауға, стартаптарға беру, университеттерге беру, оларға РНД жұмыстарын жасау үшін. Сондықтан бізге өте пайдалы инфрақұрылым болады.

Араб инвесторлары Жамбыл облысында ЖЭС салады

Сондай-ақ Smart City Astana жобаларын қолдау үшін елордада Деректерді өңдеу орталығын салу жоспарланып отыр. Одан бөлек, автокөлік, мұнай-газ саласын цифрлық трансформациялау, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайын дамытуға және энергетика саласына инвестиция құю бойынша келісімдер жасалды. Нақтырақ айтсақ, Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторлары Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салады. Жоба құны 1,4 млрд доллар көлемінде. Энергетика министрінің сөзінше, жоба Орталық Азиядағы «жасыл энергетика» саласындағы ірі бірлескен бастамаға айналуы мүмкін. Және елдің оңтүстігіндегі электр энергиясы тапшылығы мәселесін шешуге, сонымен қатар тарифтің арзандауына сеп болады.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

Келешекте, әрине осы технологиялардың дамуына сәйкес, тариф төмендейді деп сенеміз. Осы жобаның үлесі қазіргі таңда 1кВТ-на 60 тиынның шамасында.

Президент пен Абу-Даби тақ мұрагері «Астана» ХҚО-на барды

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық қатынастың негізі 33 жыл бұрын қаланды. Екі елдің алыс-берісі бүгінде қарқынды дамып келеді. Мәселен, былтыр екіжақты тауар айналымының көлемі 277 млн АҚШ долларына жеткен. Келіссөздерден кейін, Президент пен Абу-Даби тақ мұрагері «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды. Айта кеткен жөн, бүгінгі таңда Біріккен Араб Әмірліктерінің 46 компаниясы осында резидент ретінде тіркелген. Олар қаржы және сақтандыру, ақпараттық - коммуникациялық технология, сауда, көлік, өңдеу және тау-кен өнеркәсібі секілді түрлі салада қызмет етеді.

Президент пен Абу-Даби тақ мұрагері №84 мектеп-лицейіне барды

Жалпы, екі ел арасында сауда-экономикалық және стратегиялық серіктестіктен бөлек, рухани һәм мәдени байланыстар берік орнаған. Мәселен, Астанада шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян атындағы №84 мектеп-лицейі бар. Бүгінде онда білім ошағында 2800 бала білім алады. 159 педагог еңбек етеді. Келіссөздерден кейін Преззидент пен Абу-Дабидің тақ мұрагері осы лицейге барып, оқу барысын көрді. Сондай-ақ екі елдің ынтымақтастығы мен достығына арналған көрмені тамашалады.

Президент пен Абу-Даби тақ мұрагері «Этноауыл» көрмесін аралады

Қазақстан Президенті мен Абу Дабидің тақ мұрагері «Этноауыл» көрмесін де аралады. Мәртебелі меймандар ұлттық киім үлгілері, қолөнер, әдет-ғұрып пен музыкалық аспаптар, халық ойындары көрсетілген түрлі тақырыптық аймақты тамашалап, қазақ халқының бай тарихы мен рухани құндылықтарымен танысты.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу