Аналар күні: Алып анадан туады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аналар күні: Алып анадан туады

12.05.2025

Алып анадан туады. Кез-келген адамның тұлғалық тұғырының бекем болуына анасының ықпалы зор екені мәлім. Статистикаға жүгінсек ұл-қыздың болашағына 70 пайызға дейін шешесі әсер етеді екен. Бұл – тек биологиялық емес, рухани байланыс. Өз саласы бойынша әлемді мойындатып, биік шыңдардан көрінген азаматтардың анасымен тілшіміз Ернұр Медет сұхбаттасып көрген еді.

Зәуре Қазынабаева, Жәнібек Әлімханұлының анасы:

Кеспе көже жасап қой дейтін ол. Мама орама жасап қойыңызшы деп. Қара дәнім деп қоятынмын, еркелетіп.

Зәуре Қазынабаева баласының кішкентай күніндегі жылы естеліктерін осылай еске алады. Қазақ боксына жаңа дем берген, әлемдік аренада қазақ стилін қалыптастырған Жәнібек Әлімханұлын алғаш жаттығу залына апарған да осы анасы еді.

Зәуре Қазынабаева, Жәнібек Әлімханұлының анасы:

Шыға салады да, 5-10 минуттан кейін шеше қалай болды, - дейді. Ешқай жерің ауырған жоқ па, жақсы ма бәрі деймін ғой. Жоқ, жақсы ешқай жерім ауырған жоқ десе болды, міне осы керемет болды деймін ғой. Осы жекпе-жегің міне керемет. Өзіңді өзің көрсеттің, өзіңді қандай екеніңді сезіндірдің деп қоям.

Тағы бір атпал азаматтың анасы – Алма Рақышева. Оның кенже ұлы, патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Архат Рақышев 2-дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған.

Ол осыдан 4 жыл бұрын жол ережесін өрескел бұзған адамды тоқтатамын деп өзі 1-топ мүгедегіне айналды. Нақтырақ айтсақ, ішімдік ішіп, жүк көлігмен арлы-берлі теңселіп, апатты жағдай жасаған КАМАЗға қарғып мініп жүргізушіні тоқтатты. Бірақ өзінің бас сүйегі жарақаттанды.

Алма Рақышева, Архат Рақышевтің анасы:

Баланы ең бірінші еңбекке баулу керек. Еңбекке баулыған баладан үлкен бір тұлға шығады. Ал жалқау балалардан ешқандай нәтиже болмайды. Менің баламның да батыр болып шығуы осы еңбекқорлығынан, өзінің жұмысын жақсы істегенінен деп ойлаймын.

Ал бұл 15 құрсақ көтерген Күнікей Сырлыхан. Тоқсанға таяған ақ жаулықты әже қазір немерелерінің ортасында.

Ұл-қыздарының ең кенжесі Ерғали Шамей былтырғы Париждегі параолимпиада ойындарында көк туымызды көкте желбіретті. Парадзюдодан әлем біріншіліктерінде топ жарып ел даңқын асырды. Ал осы саңлақтың спорттағы және өмірдегі күресте жеңілмеуіне бірден бір себепкер жан – анасы. Үміт үзбеді. Қолдады. Қажет жерінде қорғады.

Күнікей Сырлыхан, Ерғали Шамейдің анасы:

Жас күнде бұл қайтіп ер жетеді, қандай болады мынау деп, сөйтетінбіз. Енді Аллаға тәубе, шүкіршілілік. Енді қартайғанда бала құсап өзімді бағып отыр. Бала енді айтқанды емес, көргенді істейді. Айта бермей, үлгі болу керек.

Алып анадан туады. Бұл тәмсілге сауатты жан саудаласпай-ақ көнер. Кешегі Шоқанды өсірген Айғаным, дана Абайды дүниеге әкелген Ұлжан ападан бергі асыл аналар соның айқын дәлелі.

Ернұр Медет

Хабарламаларға жазылу