Таразда өткен аламан айтыста бас жүлде семейлік Рүстем Қайыртайға бұйырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда өткен аламан айтыста бас жүлде семейлік Рүстем Қайыртайға бұйырды

01.03.2018

Тараз төрінде аламан айтыс өтті. Жыр додасы Жамбыл Жабаевтың туған күні мен Қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойына арналды. Республикалық айтысқа еліміздің барлық өңірінен 16 айтыскер қатысып, сөз маржанын терді.

Өнер бәсекесінде өзара сынға түскен айтыскерлер туған жер, елге құрмет, ұлттық дәстүрді ұлықтау, өткен тарихты дәріптеу сынды тақырыптарды қозғады. Жыр алыбы Жамбылдың шығармашылығына тоқталып, Қазақ телевизиясының өткені мен бүгінін жырлады. 

Топқа түссе қамшы салдырмайтын кілең жүйрік бұл жолы да аянып қалмады. Салмақты сөз, жүйелі жырға сусаған жұрт сағаттап отырып айтысты тамашалады. Сөз қадірін білген көзі қарақты көрермен арқалы ақындардың өнерін енді Ұлттық арнадан тамашалай алады. Жуық арада «Жүрсіннің жүйріктері» деген атпен жаңа тележоба эфирге шығады. Бұл өз кезегінде ұлттық рух пен рухани құндылықтарымыздың қайта жаңғыруына сеп болары анық.

Қайнар Алагөзов, айтыскер ақын:

- Ұлттық арна ұлтпен бірге жасай берсін деген тілегімізді айтамыз. Айтысымызды жазып, халыққа таратып, күні ертең архивіне сақтайтыны үшін көп рахмет.

Сөз додасының бас жүлдесі орамды ой айтып, көпшіліктің қошеметіне бөленген семейлік Рүстем Қайыртайға бұйырды. Қалған жүлделі орындарды алматылық Болатбек Оразбаев пен жамбылдық жас ақындар Аруна Керімбек пен Рай Дөңбай қанжығаларына байлады.

Г.ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу