Алматы көшелерін жарықтандыру жүйесі биыл толық жаңартылады. Қазір жұмыстардың 85 пайызы аяқталған. Бұған дейін қала әкімінің тапсырмасымен үш кезеңнен тұратын кешенді жоспар әзірленген еді. Жыл соңына дейін жаяу жүргіншілерге қауіпсіз жағдай жасау үшін 5700 аспалы шам орнату көзделген. Сонымен қатар 70 нысан сәулеттік жарықпен безендіріледі.
Жыл басынан бері шаhарда 12 мыңнан астам шам ауыстырылып, 110 шақырымдық электр сымы тартылды. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 20 мың шам орнатылады.
Игорь Мысик, «Алматы қала жарық» МКК басшысы:
Біздің басты мақсатымыз – көшелерді толық жарықтандыру. Бұл жұмыс бірден емес, кезең-кезеңімен іске асады. Мысалы, 9 мамырға орай әскери техника көрмесі ұйымдастырылды. Біз сол жердегі жарықтандыруға белсенді атсалыстық. Жұмыс әрі қарай жалғаса береді.
Қалада 190 мыңға жуық жарық нүктесі бар. Алайда олардың 1200-і әлі жарықпен қамтылмаған. Ол үшін 22 мыңнан аса шам қажет. Мердігер компания қазір көшелерді толық қамтып, ескі электр сымдарын ауыстырып жатыр.
Жанкелді Тастанбеков, Мердігер компанияның директоры:
Мақатаев көшесінен Қазыбек би көшесіне дейін 2 мың метр кабель тартылды. Біздің мақсатымыз – осы көшелердің бәріне жарық жағу. Толықтай кабелдері ауысып жатыр.
Қазір Әл-Фараби мен Абай даңғылдарында, Сейфуллин көшесінде жұмыс қарқынды. Бұл аумақтарда 60 шақырым кабель ауыстырылып, 3 мыңға жуық жаңа шам қойылады. Соның арқасында биыл қаланың жарық жүйесі 100 пайызға жаңарады.
Қуан Нұрақын
