Алматыда АҚШ-тың бас консулдығы ашылады. Ол үшін Америкаға мегаполистен жер телімі жалға берілетін болды. Бүгін Сенат отырысында тиісті келісім ратификацияланды. Тағы бір құжатқа сай, арабтар Жамбыл облысында жел электр станциясын салмақ. Бұл электр энергиясының импортын қысқартуға сеп бола ма? Инвесторларға қандай жеңілдік жасалады?
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Алматының қақ ортасынан АҚШ үкіметіне берілетін жер көлемі – 70 мың шаршы метр. Сенат депутаттарының айтуынша, бұл аумаққа Американың консулдығы салынбақ. Сондай-ақ мұнда АҚШ-тың есірткімен күрес агенттігі, Қазақстанның Сауда министрлігінің өкілдігі кіреді. Айта кету керек, консулдық Орталық Азия елдері үшін басты визалық орталық қызметін де атқармақ.
Амангелді Нұғыманов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
49 жылға 25 млн АҚШ доллары төленеді. Ол келісім ратификацияланған күннен бастап 30 күннің ішінде төленеді. Қаражаттың бәрі Алматы қаласының бюджетіне түседі.
Арабтар Жамбыл облысында ЖЭС салады
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Тараптар арасындағы келісімге сәйкес, АҚШ тарапы Хьюстон қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашуына рұқсат береді. Бүгінде Нью-Йорк және Сан-Франциско қалаларында біздің консулдықтарымыз жұмыс істеп тұр. Сенат отырысында тағы бір маңызды келісім бекіді. Оған сай арабтар Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салады. Жоба құны 1,4 млр доллар көлемінде. Оны бірнеше акционерден құралған концорсиум жүзеге асырады. Инвесторларға бірқатар жеңілдіктер жасалмақ.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
КПН, салық, жер салықтары бойынша инвестициялық занамаға сәйкес 8-10 жылға дейін беретін жеңілдіктер. Екіншісі – сметалық жоба дайын болғаннан кейін жерді аукционсыз беру, үшіншісі – ірі инвестор болғандықтан тікелей келісімшартпен үкіметаралық келісім бойынша осы тарифті бекіту. Негізгі жеңілдіктер осы.
Қазақстан электр энергиясын импорттауды тоқтатады
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Энергетика вице-министрінің айтуынша, алдағы екі жылда электр энергиясының тапшылығы мәселесі толығымен шешілмек. Сандарды сөйлетсек, былтыр ел тұрғындары 120 млрд кВтс көлемінде электр энергиясын тұтынған. Соның 2 пайызға жетер-жетпесі ғана сырттан сатып алынған. Биыл бұл көрсеткіш тағы да қысқарады дейді, вице-министр. Яғни, Қазақстан көрші елдерден электр энергиясын импорттауды тоқтатады.
Нұрсұлтан Тілектес
