«Халық жырындағы Баян сұлу бейнесі қазақ аруының болмысын танытады. Оны қайта тірілту арқылы ежелгі тарихымыздағы дара қыздардың болмыс-бітімін жаңғыртады».
Алматыда өткен «Bayan Sulu-2018» Халықтық бейне - халық таңдауы» атты шарада «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп осыны айтты. Оның сөзінше, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» лиро-эпостық жырындағы образды зерттеу арқылы қайталанбас құндылықтарды табуға болады. Бұл «Рухани жаңғыру» аясында ақпараттық технологияның жетістіктерін қолдану арқылы ұлттық сана қалыптастыруға негіз. Сонда батыстың ашық-шашық жүрген әртістеріне емес, хас сұлуларға қарап өсетін қыздар көбейеді. Айта кетейік, Баян сұлу бейнесін анықтауға арналған сайысқа 18 бен 35 жас аралығындағы қыз-келіншектер қатыса алады.
Нұртөре Жүсіп, «Айқын» газетінің бас редакторы:
- Санамалайтын болсақ, мұндай қазақтың ару, аналары аз болмаған. Тіпті, біздің ел руға қыздың атын берген. Сондықтан да бір арудың бейнесін таңдау деген бастама құптарлық деп ойлаймын.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ