Өскемен қаласындағы автокөлік жолдарының 50 пайызына ғана асфальт төселген. Соңғы жылдары бой көтерген кейбір шеткі шағын аудандарда сорап із ғана бар. Сондықтан биыл қала әкімдігі жол жөндеуге ерте көктемде кіріссе де жұмыстың мандитын түрі жоқ. Ал тұрғындарды жолдың сапасы алаңдатып отыр.
Сапалы болу үшін қатаң қадағалау қажет. Ал қалада былтыр ғана орташа жөндеуден өткен кейбір жолдар қыстан соң таз қалпына қайта түсті. Қала бойынша бұрын жөнделіп, бірақ кепілдік мерзімі өтпестен қайта бүлінген 78 көше анықталды. Ал, жауапты мердігер мекемелер ол жолдарды әр жерден ойып жамап жүр.
Биыл соңғы 20-30 жылда күрек тимеген шеткі шағын аудандардың іші реттеледі. Орташа жөндеудің өзіне екі қабат асфальт төселеді. Қазір әр аумақ бойынша бірнеше мердігер жұмыс істеп жатыр.
Мадияр Талғатбеков, жұмысшы:
Осы жасалып жатқан үш нысанымызға да кепілдік беріледі. Үш жылға дейін. Үш жылдың ішінде егер ақаулар бірнәрсе пайда болған жағдай болса, өзіміз түзетеміз. Адам жеткілікті. Техника жеткілікті.
Жалпы Өскемен қаласында 795 шақырым болса, оның 50 пайызының сапасы жақсы. Яғни асфальт бар. 28 көшеде жол нашар. Осы жылы 35 көшеде 20 шақырым жол жөнделеді. Ол үшін қала бюджетінен 3 миллиард 300 миллион теңге бөлінді.
Алмат Ақышов, қала әкімі:
795 шақырым жол болса, соның 50 пайызы ғана асфальтталған екен. Биыл қарасаңыздар 4,5 пайызын ғана жөндеу жүргізеді екен. Енді ондай темппен әкім ретінде абырой таппаймын. Біз тағы 17 көшеге қаражат таптық. Енді бұл әлі аяқталған жоқ. Бұйыртса мұның бәрі ары қарай жүре береді. Барынша жолдармен айналысуға тырысамыз.
Қала әкімдігі биыл жолды екі кезеңмен жөндемек. Алғашқы сәуірде басталып, мамырдың соңында аяқталады. Ал, екінші кезең маусымда басталып қара күзде суық түспей аяқталуы тиіс. Орташа жөндеуден өткен жолдың кепілдік мерзімі 4 жылға дейін созылды. Яғни мердігерлерге қойылатын талап бұрынғыдан да күшейді.
Олжас Керейхан
