Қызылордада Батырхан Шөкеновке арналған фотокөрме ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада Батырхан Шөкеновке арналған фотокөрме ашылды

03.05.2025

Қызылордада әнші Батырхан Шөкеновке арналған фотокөрме ашылды. Қазақ және Ресей эстрадасының жарқын жұлдызы болған өнер иесінің бұрын-соңды жарияланбаған суреттері көпшілік назарына ұсынылды. «Отан Ана» әнімен миллиондардың жүрегін елжіреткен Батырхан небәрі 52 жасында өмірден өтті. Қазақтың дарынды әнші-сазгері өнер жолында өшпес мұра қалдырып, оның қоңыр даусы әлі күнге дейін ел жадында. Туған жері Сыр өңірінде есімі ұлықталып, белгілі фотограф Николай Постников әншінің 40-қа жуық фотосын өңдеп шығарған. Және эксклюзивті кадрларын да көрмеге қойды. Тағылымды шараның ашылуына Батырхан Шөкеновтің замандастары, ағайын-туыстары, өнер сүйер жастар қатысты. Фотокөрме 18 мамырға дейін жалғасады.

Бақытжан Шөкенов, Б.Шөкеновтің бауыры:

Бұл сирек фотолар сонау 1983 жылы «Джулия» кинотуындысын әзірлеу барысында жасалған. Николай Постников сарайынан ескі пленкаларды тауып алып, оларды қайта өңдеп, Батырханның еш жерде жарияланбаған 20 суретін шығарып отыр. Басқа да фотоларын әрлеп, жаңа қырынан көрсетіп көрмеге қойған. Біздің отбасымыз үшін бұл құнды дүние.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу