Қызылордада достық шеруі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қызылордада достық шеруі өтті

Қызылордада достық шеруі өтті

Қызылордада Қазақстан халқының бірлігі мерекесі кең көлемде тойланды. «Сыр елі – татулық пен келісімнің мекені» атты мәдени шарада түрлі этнос өкілдері мерекелік шеруге шығып, шаһардың орталығын дүбірге бөледі. Өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы да жұртшылықпен бірге думанға куә болды.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Қазақтың көк туын желбіреткен достық керуенінен бүгінгі мерекені сезінбеу мүмкін емес. Ұлттық киімдерін киген жергілікті этно-мәдени бірлестіктердің 300-ден аса өкілі шат-шадыман көңілмен бір-бірін құттықтап, шеруді бастап келеді. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұлыстардың тілегі бір, ол – елдің ауызбіршілігі.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Мерекеде тұрғындар құстар көрмесін тамашалады. Соның ішінде бейбітшіліктің символы – ақ көгершіндер де бар. Мұнда қанаттылардың түр-түрі қойылған. Ең ерекшесі мынау якут көгершіні.

Елена Рыбина, қала тұрғыны:

Ұлттар мен ұлыстардың әртүрлі мәдениеті жаңғырған күн болып жатыр. Әртүрлі көрмелер ұйымдастырылып, асық ату, бес тас ойнау бәрі мәз-мейрам. Әрқашанда еліміз көркейіп, гүлдене берсін.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Салтанатты шара барысында елдің дамуына үлес қосқан азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерекелік төсбелгісімен марапатталды. Достық үйіндегі думан әрі қарай жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.

Әділбек Серікұлы


Бөлісу