Асауды ауыздықтаған ару. Түркістан облысының Ордабасы ауданында желмен жарысқан жүйрік баптап, көкпар шабатын бойжеткен тұрады. Жылқыны жанына серік еткен бұрымды бұрынғы өткен батыр аналардың ізбасары іспетті. Қыз баласы демесеңіз, Наргиз Қият ептілігі жағынан ер азаматтардан кем түспейді. Спорттың бірнеше түрін меңгерген. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Наргиз атқа мінуді 5 жыл бұрын үйренген. Алғашында жүрексінгенімен бойындағы бұла күш намысын жаныған. Тақымындағы Қаратауды тай кезінен өзі баптаған. Қазір аудандық көкпаршылар клубының мүшесі. Ұлттық ойынның қыр-сырын әбден меңгерген. Ауыздығымен алысқан арғымақты ұршықша иіріп, дегеніне көндіре алады.
Наргиз Қият, атбегі:
Аттың үстінде адамның рухы басқаша болады. Патриоттық сезім оянады. Кеудеңде мықтылығың одан сайын күшейе түседі. Ол сезімді тек мінген адам ғана түсінеді, былай айтып жеткізгенмен түсіне бермейді көп адам.
Сұлу жануардың сырын ұғып, тұлпар тақымдаған Наргиздің көркіне көз тоймайды. Ердің ісін еңсеріп, ер қанатының үстінде еркін самғаған мына бойжеткеннің әрекетіне еріксіз тамсанасыз. Қасындағы серіктері де қайсар қыздың қабілетіне таңданысын жасырмайды.
Бағдат Кәрібай, көкпаршы:
Наргиздің Қаратау жалғыз аты бар өзі, жақсы көретін. Келгенде бірінші соған барады. Ат та өзі сезеді негізі басқа қыздар мінсе, тыпыршып кетеді. Ал Наргизді мойындап тұрады. Наргиз сияқты қыздар сирек , екінің бірінің қолынан келмейді.
«Мал иесіне тартады» дейді қазақ. Наргиздің Қаратауы анау-мынау адамға бас бермейтін асау тұлпар. Жылқы жақсы көргенді сезетін есті жануар болғанымен өзінен қорықпайтын адамға ғана бағынатынын айтады.
Наргиз Қият, атбегі:
Мен осы Қаратауды көкпарға дайындаймын. Осыны ерттеймін. Басқа адамдарды тыңдай бермейді. Өзімді тыңдайды, бұл басы қатты аттардың тобына жатады. Біраз жыл күреспен айналысқанымның пайдасы шығар басын тоқтату қатты қиынға соқпайды.
Өзі атап өткендей, бұрымды бойжеткен 9 жыл күреспен айналысқан. Боз кілемде атой салып, қарсылас шақ келтірмегені тағы бар. Қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер. Бүгінде адырна тартып, нысана көздеуге машықтанып жүр.
Айнұр Әбілқасымқызы
