Кітап шығарудың машақаты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кітап шығарудың машақаты

30.04.2025

Шымкентте кейінгі жылдары баспахана көбейгенімен кітап шығару ісінде қиындық көп. Баспаға қажетті шикізат пен құрал жабдық тұтастай шеттен әкелінетіндіктен бағасы әлсін-әлсін қымбаттайды. Істің қыр-сырын жетік білетін маман да жоқтың қасы.

Баспагерлер үшін әсіресе балаларға арналған кітапты дайындау қиынырақ. Өйткені шығарманы безендіру, сурет, иллюстрацияны әзірлеу көп уақыт алады әрі шығыны да көп. Онымен айналысатын мамандар да қолға түсе бермейді.

Нарұл Шәмірек, Баспа үйінің басшысы:

Кейбір суретшілер бізде компьютер сала алмайды. Компьютер салатындар сурет сала алмайды. Сондай проблема. Ондай адамдар санаулы. Көп емес. Соған байланысты кезек те көп болады, бағалары да жоғары болады олардың.

Баспа ісіне қажетті қағаз, бояу, желім секілді полиграфиялық өнімдердің қымбаттығынан кітаптың бағасы да шарықтай түседі. Бір кітапты басып шығарудың өзіне шамамен 2 мың теңгедей шығын кетеді. Баспагерлердің көп тиражды дүниелерді шетелде шығарған тиімді дейтіні сондықтан.

Кітапты басып шығарғанмен оны тарату тіпті қиын. Сол себепті баспалар тек мемлекеттің немесе жеке адамдардың тапсырысымен ғана жұмыс істейді. Мамандар істі ілгерілету үшін нарықта жаңа жүйе қалыптастыру керек деген пікірде.

Бейсенкүл Нарымбетова, журналист, баспагер:

Кітапты әрі қарай насихаттайтын, қаламгерді насихаттайтын әдеби агенттер жұмыс істей бастауы керек. Екі ортаны жалғау үшін. Өйткені кез келген ақын, кез келген жазушы өзінің шығармашалығын насихаттап, сату,а қабілетті емес.

Баспалардың бірқатары өз өнімін жарнамалау үшін оқырман клубын ұйымдастырып келеді. Оған мүше болған кітапқұмарлар айына екі рет бас қосып, өздері оқыған көркем шығарма туралы ой бөліседі, талдайды.

Әсел Амангелдиева, Баспа үйінің РR маманы:

Оқырмандар клубы ашылғаннан кейін бізде тұрақты оқырмандар пайда болды. Күнделікті, тұрақты оқырман қалыптасқаннан кейін ол міндетті түрде группаласын немесе сыныптасын алып келуге тырысады. Солай-солай бізде сатылым біршама өсті.

Баспаханаларды қосымша құн салығынан босату туралы ұсыныс елімізде кітап шығару ісін жандандырып, руханияттың кемелдене түсуіне жол ашады дейді мамандар. Өйткені жақсы кітап-жан азығы.

Ғани Қалмахан


Хабарламаларға жазылу