Қазақстанда филиалын ашуға дайын АҚШ университеттерінің қатары көбейді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Америкаға жұмыс сапары кезінде бірқатар белді оқу орындарымен келісім жасалғанын хабарлады.
Елімізде алғаш болып филиалын ашқан Аризона университеті бағдарламалар санын көбейтетін болды. Енді Қозыбаев университетінің қабырғасында Мединица және Тау-кен инжиниринг салалары бойынша да мамандар оқыту басталады. Ал Аризона мемлекеттік университеті Шымкент қаласындағы Әуезов университетінде қосынын ашып, халықаралық деңгейдегі білім беру процесіне кіріседі.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Екінші сүйіншіміз, келесі жылы тау кен саласында дүниежүзінде бірінші орында тұрған арнайы зерттеуші оқу орны – Колорадо университеті Жезқазған қаласында Қазақмыс корпорациясымен бірігіп, Президенттің тапсырмасымен жаңа геологиялық тау-кен мектебін ашады. Екі инженерлік бағдарламамен бастаймыз.
АҚШ астанасындағы белді оқу орындарының бірі – Джордж Вашингтон университеті де Қазақстанмен байланысты тереңдетуге қызығушылық білдіріп отыр. Оқу орнының қосыны Қытайда бірнеше жылдан бері жұмыс істеп тұр. Енді Қазақстан арқылы Орталық Азия нарығына шығуға мүдделі.
Тереза Мёрфи, Д.Вашингтон университеті академиялық істер жөніндегі проректорының орынбасары:
Қазақстан университеттері мен әлемнің түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындары арасындағы бірлескен бағдарламалар туралы естігеніме ерекше қуаныштымын. Бұл бағдарламалар болашақ ынтымақтастық үшін тамаша үлгі бола алады деп ойлаймын. Біздің мекемелер арасында ынтымақтастық орнату мүмкіндігі бар деп ойлаймын және бұл әлемдегі зияткерлік қызметтің дамуына өз үлесін қосады деп сенемін.
Жалпы осы кезге дейін Қазақстанда филиалдары ашылған және ашылу процесіндегі шетелдік оқу орындарының саны 37-ге жетті. Мұның өзі Қазақстанды академиялық хабқа айналдыруға сеп болды. Соның нәтижесінде елімізге жоғары білім іздеп келетін шетелдіктердің саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Биылдың өзінде 31500 шетелдік студент келген. Оның 12500 Үндістаннан жетсе, екі мыңы Қытай азаматтары. Ресейдің өзінен үш мың адам Қазақстанды таңдаған.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
31500 студент Қазақстанға қазір 30 миллиардтан астам инвестиция әкелді. Оның үстіне бұл студенттер академиялық турист санатына жатады. Яғни төрт жыл сіздің еліңізде қалады, оқиды, қыдырады, тамақ ішеді, киноға барады. Туыстары келеді. Төрт жыл бойы ақша әкеледі.
Ал сол 31 000 студентке қызмет көрсету үшін 40 мың жұмыс орны қосымша ашылмақ. Ендігі меже алдағы үш жылда Қазақстанға келіп білім алатын шетелдік жастардың қатарын жүз мыңға жеткізу. Министрдің айтуынша, бұл қазынаға 400 млрд теңге кіріс кіргізіп, 130 мың жаңа жұмыс орнын ашуға сеп болмақ.
Жалғас Сәдібекұлы
