«Қазақстанда аңшылық байлардың ермегі. Сондықтан оның бағасын көтеру керек. Өйткені жануардың өмірі бір бөтелке судан арзан». Осылай деген Мәжіліс депутаттары аңшылық мемлекет қазынасын толтыратын салаға айналуы керектігін алға тартты. Ал аңшылар қауымдастығы бұл пікірмен келіспейді. Олардың да өз уәжі бар.
Ал оқ дәрінің бағасы 500 теңге. Өткен аптада Мәжілісте көтерілген мәселелердің бірі осы. Депутаттардың сөзінше, елімізде аң ату бағасы өте төмен. Төменгі палата отырысында Салық кодексіне өзгеріс енгізіп, аң ату құнын бірнеше есеге өсіру ұсынылды.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ол 20 жылға жуық уақыт бойы өзгертілмеген, реттелмеген. Сол себепті мен өткенде ұсыныс айттым. Үкімет бюджетті толтыру керек деп айтады. Бұл да бір қазынаны толтырудың жолы ғой. Сол себептен қазір норманы дайындадым. Шамамен кейбір тұстарын 50, кейбір тұстарын 100 пайызға көтеру керек. Бұйырса Салық кодексінің отырысында талқылаймыз.
Елімізде бір қоян ату үшін 5-10 мың теңге төлеу керек. Қырғауыл мен үйректің құны да сол шамалас. Киік 70-80 мың теңге, елік атқысы келетіндер 50 мың мен 150 мың теңге аралығында ақша төлейді. Бірақ бұл қаражат аңшылық шаруашылықтардың қалтасында қалады. Ал мемлекетке небары 177 теңге баж салығы төленеді.
Қажым Жұмәлиев, «Табиғат» Республикалық қауымдастығының президенті:
Қазақстан аумағының 80 пайызындағы биоресурстарды аңшылық шаруашылықтар қорғайды. Жануарлардың жем-азығына, оларды күтіп-баптауға, мамандар мен техникаға жыл сайын көп қаражат жұмсаймыз. Сондықтан мемлекетке азғантай ғана баж салығын төлейміз.
Аңшылар қауымдастығының мәліметінше, шаруашылықтар мемлекетке жыл сайын 300 млн теңге көлемінде баж салығын төлейді. Егер оны өсірсе шығынға батамыз деп шырылдап отыр. Ал тиісті министрлік өкілдері мәселеге қатысты мынадай пікір білдірді.
ҚР Экология және табиғи ресусртар министрлігінің баспасөз қызметі:
Бөлінетін квота көлемі жануарлар санының 20 пайызынан аспайды. Яғни, шаруашылықтың қарамағында 1000 қоян болса, мемлекет оның тек 20%-ын аулауға рұқсат береді. Шаруашылық әр қоянға 177 теңгеден баж салығын төлейді. Ал жолдама ақысын өздері бекітеді. Өйткені, олардың шығындары көп. Мәселен, мамандардың еңбекақысын, биотехникалық іс-шаралар мен аңшылықты ұйымдастыру, материалдық-техникалық жабдықтауды өз қаражаты есебінен жүргізді.
Бүгінде еліміздегі ұлттық саябақтар, қорықтар мен ормандардың тек 10 пайызы ғана мемлекет қорғауында. Оның өзін күтіп-баптауға жылына республикалық бюджеттен 44 млрд теңге бөлінеді екен. Сарапшылар егер, аңшылық шаруашылықтар жұмысын тоқтатса, ел қазынасына ауыр салмақ түсуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан оларға салынатын баж салығын өсіру мәселесін жан-жақты зерделеп алған жөн деп отыр.
Нұрсұлтан Тілектес
