Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Әзербайжан 15 құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Әзербайжан 15 құжатқа қол қойды

Стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды нығайту жолындағы аса маңызды қадам. Әзербайжан Президентінің елімізге сапарын Қасым-Жомарт Тоқаев осылай бағалады. Бүгін елордада мемлекеттер басшылары келіссөздер жүргізіп, 15 құжатқа қол қойды. Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастардың 20 жыл толуына орай маңызды мәлімдеме қабылданды. Бауырлас елдер байланысты бекемдеу үшін не істемек? Орта дәліздің әлеуетін қалай арттырмақ? Шерхан Жамбылұлы тарқатады. 

Қазақ пен әзербайжан – достас әрі одақтас елдер. Әлиевтің мемлекеттік сапарына Астана ерекше мән берген. Күні бұрын қала көшелері туыс елдің туымен безендірілді. Осы айда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев үшінші мәрте бетпе-бет кездесіп отыр. Бұған дейін Габала мен Душанбеде халықаралық жиындарда жүздескен. Енді бауырлас елдердің басшылары Астанада екеуара әңгімелесіп, елдер арасындағы байланыстың негізгі тұстарын талқыламақ.

Иә, түркілік мүдделестік, тарихи тамырластық бүгінгі бауырластықпен жалғасып отыр. Ақорда Әзербайжан басшысын ең жоғары деңгейде қарсы алды.

Президент Тоқаев екеуара әңгімеде біздің ел үшін Әзербайжанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты және саяси серіктестікті нығайту – аса өзекті міндет екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сізді мемлекеттік сапарыңыз аясында Қазақстанда қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды оқиға. Қазақстан мен Әзербайжан тек достас елдер емес, сондай-ақ бауырлас халықтар. Сондықтан Сіздің еліңізбен сан қырлы ынтымақтастықты өркендетуге баса мән береміз.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:

Бүгінде Қазақстан дамудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Еліңіздегі қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, экономикалық даму қалыпты. Сіз жүргізіп жатқан реформаларды зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Біз барлық бағыттағы ықпалдастықты нығайтуға ниеттіміз.

Осыдан кейін президенттер жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысын өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздің сапарыңыз екі ел арасында Стратегиялық серіктестік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толған сәтте өтіп жатыр. Мұның символдық мәні бар. Осы жылдар ішінде біз белсенді саяси диалогты жолға қойып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың үздіксіз дамуына берік шарттық-құқықтық негіз қаладық.

Орта дәлізді дамыту ортақ мүдде. Қос тарапқа да олжалы. Бүгінде тауар Қытай шекарасынан Грузия порттарына дейін 15-18 күнде жеткізіледі. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай бұл бағыттағы жүк айналымы үш есе артуы мүмкін. Былтыр бұл дәліз арқылы тасымал көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шетелдік серіктестермен бірге шектеулерді жойып, дәліз бойында бірыңғай ұзақ мерзімді тариф орнатуға жұмыс істеп жатырмыз. Бұл барлық бағдар бойынша кедергісіз тасымалдауды қамтамасыз етіп, тиімділікті көтеретіні сөзсіз. Яғни, жүк тасымалының көлемін жоспарға сәйкес 10 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Жүк тасымалын еселеу үшін құжат айналымын толықтай цифрландыру қажет. Операцияларға мониторинг жасайтын бірыңғай орталық құру да өзекті. Каспий арқылы тасымалды арттыру үшін Қазақстан тарапы кемелер санын көбейтпек.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

Баку шипярдан екі кеме сатып алды. 2027 жылдың аяғына дейін бұл кемелерді іске қосамыз. Бұдан басқа Самұрық қазына мен аскон холдингпен басқа кемелерді сатып алу мүмкіндіктерін қарастырамыз.

Иә, Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасы тарихи һәм мәдени сипатпен шектелмей, экономикалық өсімге ойысып отыр. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 533,4 млн доллар болса, биылғы сегіз айда 547,6 млн долларға жетті. Қазақстан негізінен түсті металл, мұнай және астық экспорттайды. Ал көрші елден құбырлар, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнімдері жеткізіледі. Алыс-берісті таяу арада бір миллиард долларға жеткізу межесі тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ауыл шаруашылығы, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, цифрландыру салаларында мүмкіндігіміз мол. Қос тарап бірлескен кәсіпорындар құруға ниет танытты. Бұл мәселеде айтарлықтай алға жылжу бар. Мәселен, трансформатор өндірісін іске қосу жоспарланған, тұрғын үй мен инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде, кеме жасау саласында ортақ жоба пысықталып жатыр. Үкіметтерге осы бағыттарды бақылауда ұстап, қысқа мерзім ішінде өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамытудың жоспарын  қабылдау тапсырылды.

Қазір елімізде әзербайжандық 1,5 мың компания, ал Әзербайжанда қазақстандық 150 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Өзара тиімді жобаларды қаржыландыру мақсатында бірлескен инвестиция қорының қызметі жандандырылмақ. Келіссөз барысында энергетика саласындағы әріптестікке ерекше көңіл бөлінді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан мұнайын Баку – Тбилиси – Жейхан бағдары бойынша тасымалдау жөніндегі бірлескен жұмысты ерекше атап өткім келеді. Былтыр Әзербайжан арқылы бұл стратегиялық шикізат транзиті бір жарым миллион тоннаға жуықтады. Жақын арада мұны айтарлықтай ұлғайту қажет. Теңіз табанына төселетін электр кабельдері жобасы ұлттық энергия жүйесін дамытуға серпін береді. Бұл біздің «жасыл» энергия экспортындағы позициямызды күшейте түседі.

Қазір Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып жатыр. Бұл жоба екі ел басшыларының тікелей бақылауында. Президенттер үкіметтерге оны қысқа мерзім ішінде аяқтауды тапсырды. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімді қолдап, бұл қадам Оңтүстік Кавказдағы сенімді нығайтып, ортақ өркендеуге жол ашатынын атап өтті. Ал Әзербайжан тарапы жүк тасымалына қатысты барлық шектеуді алып тастағанын мәлімдеді.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:

Әзербайжан оккупация басталған мезеттен бергі Арменияға жүк тасымалдауға қойылған шектеудің бәрін алып тастады. Арменияға алғашқы жүк транзиті ретінде қазақстандық бидай жіберілді. Бұл Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік қағаз жүзінде қалмай, нақты орнағанын көрсететін жарқын мысал.

Келіссөз қорытындысы бойынша президенттер Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың 20 жылдығына орай Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Жалпы, Әзербайжан Президентінің мемлекеттік сапары аясында энергетика, көлік-логистика, цифрландыру, жасанды интеллект, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, статистика және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бағытында 15 құжатқа қол қойылды.

Бөлісу