Ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Президент Ассамблея сессиясында осындай мәлімдеме жасады. Басқа елдердегідей бізде де түйткілдер бар. Бірақ біз оны әлдекімдердің әдістемесімен емес, өзіміздің ұлттық мүддеміз бен заңнама аясында шешеміз, деді Мемлекет басшысы. Жалпы Қазақстан көрші елдерге қатысты қандай саясат ұстанады? Ассамблеяның алдына қандай міндеттер қойылды? Жиынға қатысқан әріптесім Шерхан Жамбылұлы жалғайды.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл. Бейбітшілікті ту еткен отанымыздың шаңырағы шайқалмай, іргесі берік болуына Ассамблеяның қосып жүрген үлесі көп. Осы мерзімде қандай істер атқарылды? Алдағы меже қандай? Мақсат-міндетті айқындау үшін бүгін елордаға ассамблеяның 1600-ден аса өкілі жиналды.
Тарихи мән-маңызы айрықша. Бүгінгі басқосуға Президент осындай айдар тақты. Себебі Ассамблея тарихы егемен ел тарихымен үндес.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ассамблея – мемлекеттігімізге арқау болған аса маңызды құрылым. Бұл – Ассамблеяға артылатын жүктің салмағы да жеңіл емес деген сөз. Ұлттық мүдделерімізді қорғап, егемендігімізді нығайту – қастерлі парыз. Мұны Ассамблея мүшелері терең сезінеді деп ойлаймын. Ассамблея барша азаматтарды ортақ құндылықтар мен мақсаттарға жұмылдыратын жалпыхалықтық орган ретінде жұмыс істеуі керек.
Бүгінде Ассамблея жанынан құрылған бірлестіктер де белсенді. Мәселен, аналар кеңесінің қатарында 16 мыңға жуық әйел бар. Олар қоғамда ізгілік пен мейірімге үндеген бастамалар көтеріп жүр.
Нәзипа Шанаи, ҚХА Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы:
Зорлықсыз қоғам құру үшін терең парасатты әке, жоғары мәдениетті ана, ұлттық санасы қалыптасқан бала керек. Сондықтан біз дәстүрлі және отбасылық құндылықтарды сақтау, рухани-адамгершілік тәрбие беруді жұмысымыздың негізгі бағыттарына айналдырдық.
Биыл Ассамблея жастар қозғалысына да 10 жыл.
Алла Гаврина, «Ассамблея жастары» РҚБ төралқасының мүшесі:
Біз Қазақстандағы ең белсенді жастар ұйымына айналдық. «Таза Қазақстан», әлеуметтік кеселдермен күресу жобалары, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік тілді меңгеру — алдымызда тұрған маңызды бағыттар.
Тоқаев: Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керек
Президент Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керектігін айтты. Жалпы ұйым қызметінің мәні мен мазмұнын қайта қараған жөн деген пікірде. Бірлік бірлестігі мемлекеттің этносаралық саладағы барлық жұмысына бағыт беретін стратегиялық штабқа айналуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай Достық үйін халық тығыз қоныстанған Алматы облысында салу қажет. Бұл ғимарат аймақтың қоғамдық өмірі үшін өте маңызды орталық болмақ. Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек.
Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Ассамблеяның атқарып жатқан жұмысы болашақта да қажет деп ойлаймын. Себебі бұл халықаралық қатынаста жұмсақ күштің бір түрі болып табылады. Және Қазақстандағы әрбір этнос ұлты тәуелсіздіктің тұғырлы болуы үшін жұмыс жасауы керек.
Қазір түлектердің 80 пайызы ҰБТ-ны мемлекеттік тілде тапсырады. Биыл мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқымақ.
Ольга Спирина, «Speaking club» қазақ тілі клубының негізін қалаушы:
Осыдан бірнеше жыл бұрын журналистер сұхбат алған кезде сұрайтын адамдарды қалай қазақша сөйлетеміз деп. Тілді трендке, сәнге айналдырып жіберу керек деп. Қазір тіл трендке, сәнге айналды. Соның арқасында қызығушылық қазақстандық азаматтардың ғана арасында емес, жалпы әлем бойынша қазақ тілге деген қызығушылық жоғары боп жатыр.
Президент «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысуға шақырды
Қастерлі Отанымызды көркейту – баршаға ортақ парыз. Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бұл – шынайы отаншылдықтың көрінісі екенін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз әр азаматтың әсіресе, жастардың бойына тазалық, ұқыптылық, жауаптылық сияқты қасиеттерді сіңіруіміз керек. Таза, тазалық – киелі сөздер. Ары таза адам ешқашан елін сатпайды.
Қазақстан көрші мемлекеттермен достықты нығайта түсуге мән береді
Қазақ қашанда көршісін қадірлей білген. Бұл – атадан қалған өсиет. Шекаралас елдермен достықты нығайта түсуге айрықша мән берілмек.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Бір сөзбен айтсақ, көрші елдермен қарым-қатынасымыз бауырластық рухында дамып келеді. Біздің арамызда түйткілді мәселе жоқ. Қазақстан мен Ресей құрлықтағы ең ұзын шекараны әуел бастан дау-дамайсыз шегендеп алды. Жақында Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан ұзақ жыл бойы шешімін таппаған шекара мәселесі бойынша ортақ мәмілеге келіп, тарихи келісімге қол қойды деп айтуға болады. Біз бауырлас елдер үшін қуанамыз, оларды әрдайым қолдаймыз
Бірлік пен келісім жолындағы отыз жыл
Кейбір мемлекеттер үшін этникалық әралуандылық сын-қатердің белгісі болуы мүмкін. Бірақ бұл біздің стратегиялық артықшылығымыз. Осылай деген Мемлекет басшысы жиын соңында достықты дәріптеп жүрген бір топ азаматты марапаттады.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Ынтымақ-бірлік, өзара сенім мен құрмет елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары, деді Президент. Бұл ретте Ассамблеяға үлкен міндет артылып отыр. Ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және солай болып қала береді деп айтты Мемлекет басшысы.
Шерхан Жамбылұлы
