Қазақстандағы елдімекендердің 62 пайыздан астамы табиғи газбен қамтылған. Яғни 12 млн 600 мың адам үйлерінде көгілдір отын тұтынып отыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов осылай деді. Биыл елдімекендерді газдандыру үшін 112,5 млрд теңге қарастырылған. Ақша бөлінгенімен жұмысты жүйелей алмай отырған өңірлер бар. Мәселен Ұлытау облысын газдандыруға 3,9 млрд теңге бөлінген. Алайда оның 77 млн теңгесі ғана игерілген. Маңғыстау облысында былтыр тапсырылуы тиіс газ өңдеу зауытының құрылысы 3 жылға кешігіп жатыр. Премьер-министр мұндай салғырттыққа жол бермеуді тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Біздің еліміздің көгілдір отын бойынша әлеуеті зор. Табиғи газ қорының расталған көлемі шамамен 4 трлн текше метрді құрайды. Алайда оны игеру үшін жүйелі тәсілдер мен жаңа инвестициялар, заманауи инфрақұрылым және ұзақ мерзімді стратегия қажет.
Елімізде 3 ірі газ өңдеу зауыты салынады
Қазіргі уақытта «Бейнеу – Бозой – Шымкент», «Ақтөбе – Қостанай», «Талдықорған – Үшарал» сияқты магистральдық газ құбырларының құрылысы қолға алынған. Олар газ өндірілмейтін аймақтарды тұрақты түрде қамтамсыз етіп тұруға жетеді. Министрдің мәліметінше, елімізде газ тапшылығы жоқ. Тұтыну мөлшері жыл сайын өсетінін ескере отырып, тағы да 3 ауқымды жобаны бастадық, - дейді ол.
Ерлан Ақкенженов ҚР Энергетика министрі:
1 млрд текше метр газ өңдеу зауыты Қарабатанда. Екінші, 2,5 млрд газ өңдеу зауыты. Және үшінші жоба, 4 млрд текше метр газ өңдеу зауыты ол Қарашығанақ кен орындарында. Осы қосымша зауыттар келешекте бізге қосымша тағы газ береді деп жоспарлап отырмыз.
Оңғар Алпысбайұлы
