Қызылорда облысында 2 мыңға жуық мұғалім бірнеше ай жалақы алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында 2 мыңға жуық мұғалім бірнеше ай жалақы алмаған

22.04.2025

Қызылорда облысында жеке меншік мектептерде жұмыс істейтін 2 мыңға жуық ұстаз бен техникалық қызметкерлер үш айдан бері жалақы алмаған.

Себебі, мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін 33 білім ошағына қаржы бөлінбеген. Бұл мектептерде 13 мыңнан аса бала оқиды. Тұрмыстық әлеуетіне қарай оқушылардың көбі ақысыз негізде білім алады. Сондықтан, жеке білім ордаларының тыныс-тіршілігі мемлекеттік қаржыландыруға тікелей тәуелді.

Зина Бердібекова, ұстаз:

«Мансап» мектебіміз 7 жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Осы биылғы жағдай бұрын болған жоқ. Біздің басшыларымыз министрлікке, қаржы орталығына, әкімдікке де жазып, бірақ ешқандай жауап болмады. Әкімдік қаржы орталығына, қаржы орталығы әкімдікке сілтеп жатыр. Енді қайдан іздейміз?

Оқу-ағарту министрлігінің айтуынша, қаржы техникалық ақаудың кесірінен уақытылы бөлінбей қалған. Яғни, әкімдік мектепке бюджеттен қаражатты жіберу кезінде қате жіберген. Қазір мәселе қарастырылып жатыр. Енді мәслихат сессиясынан кейін, яғни бір ай көлемінде қаражат қайта бөлінуі тиіс. 

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу