Түркістан облысында 30 тоннадан аса қоқыс шығарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 30 тоннадан аса қоқыс шығарылды

22.04.2025

Түркістан облысының Жетісай ауданында тұрғындар 30 тоннадан аса қоқыс шығарды. Табиғат жанашырлары көше бойындағы талдарды әктеп, қураған шөпті орды. Көпшілік жүретін көшелер мен қоғамдық орындарды, шет аймақтарды да тазалады. Жасыл белдеу қалыптастыру үшін белсенділер демеушілер есебінен апта сайын ағаш көшеттерін егуде. Биыл 25 мыңға тарта түрлі көшет отырғызылады.

Ұлықпан Абиров, Жетісай ауданының тұрғыны:

Тал егу, ақтау, шөпті ору – бұл табиғатты қорғауға өте маңызы зор. Экологиялық маңызы да зор. Тазалығы бар және де егілген талдардың бәрі келешек ұрпақ үшін маңызы өте зор, еккен талдарымыздың бәрі. Міне көріп жатырсыздар, біз келіп, апта сайын сенбілікке шығып жатырмыз. Жылдың соңына дейін шығамыз.

Ал Екібастұзда «Таза Қазақстан» акциясы аясында 270 әкімшілік құқық бұзу дерегі анықталды. Тәртіп сақшылары мен табиғат жанашырлары 192 аумақтың абаттандырылмағанын және 70 тен астам қоғамдық орында тазалықтың сақталмағанын анықтады. Кінәлілерді анықтау үшін полиция тәулік бойы кезекшілік атқарады. Бірінші кезекте рұқсат етілмеген аумақтарға қоқыс төгетіндер бақылауға алынды. Тәртіп сақшылары мен қоғамдық ұйым өкілдері осындай учаскелерде рейдтік іс-шараларды көбейтті. Тәртіп бұзғандардың арасында жеке тұлғалармен қатар ірі кәсіпорындар да бар. Өндіріс орындарына айыппұл салынды.

Айнұр Әбілқасымқызы, Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу