Тропикалық бағы бар бағбан Қызылордада тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тропикалық бағы бар бағбан Қызылордада тұрады

21.04.2025

Қызылорданың сортаң жеріне бабын тапсаң тропикалық бақ өсіруге болады. Қала тұрғыны қарапайым еңбек адамы Ыбырайхан Мұсабаев бүгінде үйінің ауласын жасыл желекке айналдырып, өсімдіктің сан алуан түрін шығарып отыр. Тәжірибелі бағбанның ерекше бақшасын тілшіміз Әділбек Серікұлы көріп қайтты.

Ыбырайхан аға өсімдіктер әлемін тереңінен зерттеп, ұзақ жылдан бері тал мен гүл егуді өзінің сүйікті ісіне айналдырған. Аймақтың сортаң, кейбір жеріне ештеңе өспейді деген ұғымды теріске шығарып, бүгінде Африка мен Азияның субтропикалық өсімдіктерін жергілікті климатқа бейімдеп, жерсіндіріп жатыр.

Ыбырайхан Мұсабаев, бағбан:

Зерттеп жүргенім - көпжылдық гүлдер. Оның ішінде біздің осы қатты ыстыққа шыдайтын гүлдер. Бугенвиль деген гүл бар, соның 37 сорты бар менде. Бұл - нағыз Қызылорданың гүлі. Судың ащылығына, ыстыққа төтеп береді. Бірақ қыстыгүні шамалы жылы жерге қою керек. Немесе 8-10 градуста 3 ай демалдырып алу керек.

Бағбан шетелден алдырған түрлі өсімдіктің тұқымын алдымен жылыжайда егіп, тәжірибеден өткізеді. Қазір калистимон, делоникс, касия деген жаңа субтропикалық гүлдерді өсіруді бастаған.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Жылыжайда 50-ден аса гүлдің түрі өсіп, жайқалып тұр. Соның ішінде ерекшесі мынау - пальма. Бұл өсімдікті Сыр өңірінің климатына бейімдеуге болады. Өйткені 10 градус суыққа дейін төзімді келеді.

Мұнда пальманың екі түрі бар. Вашингтон тұқымына жататын тропикалық өсімдіктің ұзындығы 5 метрге жуықтаған. Ал екіншісі трахикарпусты көбіне сәндік үшін өсіреді. Ыбырайхан ағаның мақсаты - туған жерді жасыл желекке орап, тұрғындардың тал мен гүл егуге қызығушылығын ояту.

Ыбырайхан Мұсабаев, бағбан:

Ел Президентінің тастаған ұраны бар - «Таза Қазақстан». Мақсаты - елді жасыл желекке бөлеу, 2 млрд ағаш егу. Енді соның бәрін тек әкімшілік емес, халық еге бастаса, 2 млрд емес, одан асырып жіберуі мүмкін.

Бағбанның бағында жеміс ағаштарының да сан алуан түрі бар. Анар, құрма, лимон көшеттері бой алып, былтыр алғашқы жемісін беріпті. Үй ауласын тропикалық баққа айналдырған қарапайым еңбек адамының бұл игі ісі көпке үлгі.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу