Таразда аспаздар арасында ас әзірлеу бойынша облыстық байқау басталды. Қатысушының барлығы орта оқу орындарында өндірістік оқыту шебері болып жұмыс істейді. Тараз сервис және технология колледжінде өтіп жатқан сайысқа 8 аспаз қатысуда. Олардың алтауы аудандардан, екеуі Тараз қаласынан. Шеберлер үш түрлі тағам, яғни езбе көже, стейк және кондитерлік жеңсік ас әзірлеу бойынша сайысқа түсіп жатыр. Шарт бойынша әр тағамды бір жарым сағатта дайындауы тиіс. Яғни астың дәмімен қатар аспаздың жылдамдығы да таразыға тартылады. Үміткерлердің жұмысына мейрамханалардың бас аспаздары жасырын дауыс беру арқылы баға береді. Ал жарыс жеңімпазы мамырда Алматыда өтетін республикалық «Шебер Skills» сайысына жолдама алады.
Назира Бозжігітова, «Жаңатас» көпсалалы колледжінің өндірістік оқу шебері:
Мұндай жарысқа бірінші рет келдім. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасамыз, бәсеке болады. Осы жерден үйренген дүниемізді балаларға барып көрсетеміз, шәкірттерімізге үйретеміз. Осындай жарыстар көбірек болса деймін.
Данияр Әлімқұл
