Қазақстан әлемде тұрақтылық орнатуды көздейтін барлық бастаманы қолдайды. Осылай деп мәлімдеген Мемлекет басшысы бүгін Ақордада бітімгер сарбаздармен кездесті. Голан жоталарында қауіпті миссияны сәтті орындап қайтқан жауынгерлерді Президент мемлекеттік орденмен марапаттады. Қазақ сарбаздарының кәсіби шеберлігін халықаралық қоғамдастық қалай бағалады? Шерхан Жамбылұлы жалғайды.
Голан жоталары — Таяу Шығыстағы даулы аймақ. Бұл жерді Израиль мен Сирия ондаған жыл бойы бөлісе алмай келеді. Қақтығыс қайта тұтанып кетпеуі үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгер сарбаздары жарты ғасыр бойы екі ел арасын күзетіп тұр.
Тату тіршілікті қамтамасыз ету міндеті былтыр біздің елдің сарбаздарына сеніп тапсырылды. Алматыда жедел дайындықтан өткен жауынгерлер арнайы миссияны орындауға аттанды.
139 сарбаз. Алғашқы құрам миссияны мінсіз орындады. Абыроймен қайтқан жауынгерлер көк байрақты желбіретіп, сап түзеп, Президент сарайына салтанатпен келді.
Мемлекет басшысы әскерилердің атқарған ісіне жоғары баға беріп, ерлік пен батылдықтың озық үлгісі деді. Иә, бұған дейін қазақ сарбаздары бітімгерлік операцияларды тек өзге елдердің құрамында атқарып келген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан алғаш рет бітімгерлік міндетін дербес орындауға кірісті. Голан жоталарындағы операция аясында Біріккен Ұлттар Ұйымымен қарым-қатынасымыз мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Біз толыққанды бітімгерлік күштері бар елдердің қатарына қосылдық. Қазақстан – осы салада мол тәжірибе жинақтаған Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет.
Қазір еліміздің 158 азаматы Африка және Таяу Шығыс аймағында бітімгерлік қызметте жүр. Болашақта Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өтіп жатқан басқа да миссияларға қатысу жоспарда бар. Осылайша Қазақстан жер жүзіндегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға белсенді түрде атсалыса бермек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл әскеріміздің аса күрделі міндеттерді орындауға қабілетті екенін көрсетеді. Сіздер Сирия дағдарысының шешуші сәтінде ұтымды әрі батыл әрекет жасадыңыздар. Қазақстан армиясының кәсіби деңгейі жоғары екенін дәлелдеп бердіңіздер. Сол күндері қазақ жауынгерінің асқақ рухы мен қайсарлығына бүкіл әлем куә болды. Сіздер қауіпті аймақтарда жұмыс істеп, ерен ерлік көрсетіп, мол тәжірибе жинап келдіңіздер. Енді осы тәжірибені бөлісіп, басқа да әскери қызметшілерді үйрету қажет. Бітімгерлік миссия кезінде меңгерген жаңа дағдыларды еліміздің әскер даярлау жүйесіне енгізу өте маңызды.
Қазақ сарбаздары Таяу Шығыста 600-ден аса операцияны сәтті орындаған. 400-ге жуық жарылғыш заттың көзін жойды. Жанқияр жауынгерлердің бір тобы «Айбын» орденімен марапатталды.
Жігер Айыпов, Қорғаныс министрлігі бітімгершілік операциялар орталығының басқарма бастығы:
Біз кейбір заманда ұлы бабамыз Сұлтан Бейбарыс билігін жүргізген және Әл-Фараби шығыс даналығын құраған жерде қызмет еттік. Қызмет барысында біздің жеке құрам 600-ден аса жауынгерлік тапсырманы шығынсыз, өте жоғары дәрежеде орындады.
Жалпы, еліміздің қарулы күштері 2014 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметіне өз үлесін қосып келеді. 700-ге жуық әскери қызметші халықаралық ұйымның арнайы операцияларына қатысқан. Мемлекет басшысы олардың ішінде Әлия мен Мәншүк және Хиуаздың жолын жалғаған жаужүрек арулар бар екенін атап өтті.
Сәния Тіленшинова, Қорғаныс министрлігі №44973 әскери бөлімінің аға маманы:
Қазақ қыздары ел басына күн туған кезде ер азаматтармен бірге ел намысын қорғауға атсалысқан. Сирия жерінде қазақ қыздары ержүректікпен, ерекше батырлықпен орындады. Қазақстан өзінің бейбітшілік сүйгіш мемлекет екенін дәлелдеді.
Ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрдайым бірінші орында болмақ. Мемлекет басшысы әскер мен құқық қорғау саласына әрдайым айрықша көңіл бөлінетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Заң мен тәртіп», отаншылдық пен жауапкершілік – әскери қызметшілерге ғана емес, еліміздің барлық азаматтарына ортақ аса маңызды құндылықтар. Осы жасампаз қасиеттер қоғамда жан-жақты дәріптелуге тиіс.
Президент жалпы еліміздің күш құрылымдарының даярлық деңгейі өскенін атап өтті. Олар қылмыспен күресте жоғары кәсібилік көрсетіп келеді. Дегенмен босаңсымай қорғаныс қабілетін нығайту керектігін айтты.
Шерхан Жамбылұлы
