Бүгін Сенатта 3,5 млн қазақстандықтың мүддесіне қатысты заң мақұлданды. Онкологиялық скрингтен өте алмай жүргендердің мәселесі оң шешілді. Енді міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жарна төлемегендер тегін онкоскрингтен өтеді. Сондай-ақ есту қабілеті бұзылғандарға мемлекеттен тегін аппараттар беріледі. Сенаторлар заңды қолдады. Күн тәртібінде ойын бизнесін жарналамауға қатысты құжатқа да бірқатар өзгеріс енгізілді. Құмар ойындарды жарнамалауда алдына жан салмайтындарға қандай шектеу қойылады? Заңға енігізілген өзгерістер жайлы Самал Қабышева толығырақ.
Самал Қабышева, тілші:
Сотталғандар мен бас бостандығынан шектелгендерге де құмар ойын ойнауға заңмен тыйым салынады. Оларға да мемлекеттік қызметкерлер мен әскерилер сынды бас тігуге болмайды. Түрлі сайт та енді букмекерлік кеңселердің қызметіне оңды-солды жарнама жасау құқығынан айырылады. Құмар ойынына қатысты кез келген адамға қоңырау шалуға болмайды.
Айнұр Арғынбекова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Ұялы байланыстың абоненттеріне құмар ойындарының жарнамасын таратуға тыйым салынады. Сондай-ақ спорттық шара барысында букмекерлік кеңселерді жарнамалауға рұқсат. Бірақ шара біткеннен кейін ол жарнамалар алынып тасталуы тиіс.
Қазақстандықтар eGov Mobile қосымшасы арқылы өздерін құмар ойыннан 10 жылға дейін шектей алады. Бәс тігуден бас тартып жатқандар саны күн санап өсіп келеді. Бірақ өзінің лудоман екенін мойындап, емделуге ниеттілер саны артпай тұр. 15 адамға ғана құмар ойындарға тәуелділік диагнозы қойылған.
Есту аппараттары тегін беріледі
Сондай-ақ Сенаторлар мақұлдаған тағы бір заң жобасы ол онкологиялық скрингке қатысты. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жарнасын төлемегендер де онкоскрингтен тегін өтеді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Бұл заң денсаулық сақтау саласын реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатымен әзірленген. Соның аясында медициналық қызметтерді регламенттейтін нормалар мен уәкілетті органның жекелеген құзыреттері қайта қаралды. Сонымен қатар лудоманиямен күресті арттыруға бағытталған нормалар қарастырылып, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалау талаптары күшейтілді.
Самал Қабышева, тілші:
Енді «микротия», «атрезия» диагнозымен дүниеге келген балаларға мемлекеттен қолдау көрсетіледі. Мұндай диагноздағылар бір құлағы бітеу болып дүниеге келеді. Немесе бір құлағы мүлдем болмайды. Өкініштісі сол - олардың бәріне бірдей мүгедектік бермейді. Осындай диагнозы бар жандарға мемлекеттен тегін есту аппараттары беріледі. Бүгін Сенат депутаттары осы заңды мақұлдады.
Самал Қабышева, тілші:
Жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер осы есту аппаратттарын алып беруге міндеттеледі. Яғни, бұл құрылғы құлағында мүкістігі бар, бірақ мүгедектігі жоқ жандарға тегін беріледі. Тегін беріліп ғана қоймай, уақыты келгенде, яғни әр 5 жыл сайын ауыстырып отыруға міндетті. Бұл заңмен қарастырылған.
Самал Қабышева
