Елімізде жаңа Су кодексі қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жаңа Су кодексі қабылданды

10.04.2025

Мемлекет басшысы заңнамалық құжатқа қол қойды. Кодекс екі айдан кейін заңды күшіне енеді. Енді су нысандарын қорғау бойынша талаптар күшейтіліп, су инспекцияларының құзыреті артады. Тілшіміз Әділбек Серікұлы мамандар пікірін біліп, заңға енген өзгерістерді тарқатып айтсын.

Жаңа Кодексте су ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша көңіл бөлінген. Әсіресе су үнемдеу технологияларын кеңінен қолданатын шаруаларға заң аясында ынталандыру тетіктері қаралған. Сондықтан бұл жаңашылдық алдағы уақытта егін шаруашылығында ысырапшылдықты тыймақ.

Жорабек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК филиалының өндірістік учаске басшысы:

Суды ұқыпты пайдаланған мекеме болсын, су пайдаланушы болсын, оларға субсидия беріледі. Егер де суды дұрыс пайдаланбайтын болса, субсидияны 50 пайыздан 30 пайызға дейін төмендетіп тастайды. Ол шаруаның су пайдаланушының қалтасына тиеді. Суға деген көзқарасты түбегейлі өзгерте ма деген ой-пікір бар.

Сондай-ақ заңнамаға алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Елімізді су тапшылығынан, су айдындарын ластанудан қорғау, су көздерінің сарқылуының алдын алу қағидалары Кодексте айқындалған. Тағы бір маңызды мәселе - Су инспекцияларының мемлекеттік бақылау функциялары күшейтілді. 

  Айгүл Әлібекова, «Арал-Сырдария» бассейіндік инспекцияның бөлім басшысы:

Біздің бұрынғы қолданыстағы қадағалау функциясы жоқ. Жаңа су Кодексінде осы қадағалау функциясын енгізді. Бізде штатта 14 қызметкер болған, қазіргі таңда 33-ке, екі есеге ұлғайтылды.

Су нысандарын қорғау бойынша да талаптар кеңейтілді. Шағын өзен-көлдерді су өткізбейтін бөгеттер салуға тыйым салынады. Тасқын судың алдын алу бағытында жергілікті атқарушы органдар екі жыл ішінде еліміздегі барлық елдімекендегі су қорғау аймақтары мен белдеулерін айқындауы тиіс.

 Әділбек Серікұлы, тілші:

Сондай-ақ жаңа Кодексте «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін бұзу» туралы арнайы бап енгізілген. Яғни, жекенің қолына өтіп, тозып кеткен су қоймалары мен бөгет-тоспалардың иелері жағдайды түземесе, енді заң алдында қатаң жауапкершілікке тартылады деген сөз. Және де елдегі су ресурстарының жай-күйі қорғалуы мен пайдаланылуы туралы мәлімет жыл сайын ашық дереккөзде жарияланады.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу