Мемлекеттік кеңесші ішкі саясат мәселелерін пысықтау үшін Ұлттық құрылтай мүшелерімен кездесті. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл наурыз айында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың 4-ші отырысында көтерген бастамалары талқыланды. Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысы 1-ші сәуір күні Ұлттық құрылтайдың 4-ші отырысында көтерілген бастамаларды жүзеге асыру туралы Жоспарға қол қойған болатын. 53 тармақтан тұратын осы құжатты Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірлесе отырып әзірледі. Бұған қоса таяуда 100-ден астам бастамадан тұратын Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын қараудың жоспары бекітілді. Аталған ұсыныстарды пысықтау барысында ішкі саясат саласына қатысты біртұтас кешенді құжат даярлау қажеттігіне баса мән берілді. Ерлан Қарин аталған құжат сарапшылардың, Ұлттық құрылтай мүшелерінің, қоғам белсенділері мен мемлекеттік органдардың қатысуымен бірнеше айдан бері әзірленіп жатқанын атап өтті. Мемлекеттік кеңесші жаңа құжаттың негізгі мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа арқау болатын қағидаттарды, идеологемаларды және құндылықтарды айқындау және жинақтау қажет екеніне назар аударды. Құрылтай мүшелері өз кезегінде бұл құжаттың қабылдануы ішкі саясат саласындағы негізгі факторлар үшін басымдықтарды айқындауға мүмкіндік беретінін, мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын бір жүйеге келтіруге ықпал ететінін атап өтті. Құжат жобасы сарапшылардың және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен алдағы уақытта да талқыланатын болады.
Ернұр Медет
