Аймақтар арасындағы даму перспективасында теңгерімсіздік бар. Экономикадағы жетекші сарапшылар осылай дейді. «Экономикалық зерттеулер институтында» өткен жиында Құрылтайда мемлекет басшысы белгілеген негізгі міндеттерді жүзеге асыру барысы талқыланды. Онда өңірлердің дербестігін арттыру, инфрақұрылымды дамыту, энергия тапшылығын жою, инвестициялық бастамаларды толық іске асыру, жергілікті жерлерде бюджеттік жоспарлауды жетілдіру, сондай-ақ өңірлік саясатқа стратегиялық тәсілдерді енгізу секілді мәселелер қаралды.
Қайсар Нығыметов, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Өздеріңізге белгілі, Президент ауылды дамыту, жалпы аймақтарды дамыту, олардың экономикалық әлеуетін пайдалану тұрғысынан өңірлік саясатқа ерекше назар аударды. Айталық, солтүстік өңірлерде демографиялық жағдай әлсіз, ал оңтүстік өңірлерде керісінше бала туу көрсеткіші жоғары. Мұның барлығы алдағы уақытта жаңа жұмыс орындарын ашу тұрғысынан өңірлерге белгілі міндеттер жүктейді. Сондай-ақ бүгін біз алдымызда қандай міндеттер тұрғанын және алдағы жылдарда сараптамалық тұрғыда не нәрсеге назар аудару керектігін талқыладық.
Серік Жұмабек
