Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды парадқа тура бір ай қалды. Қазақ әскерінің әлеуетін көрсетер жауынгерлік шеруге дайындық қызу. Еліміздің әр атырабынан келген сарбаздар елорданың шет жағындағы далалық лагерьге орналасқан. Әріптесім Ернұр Медет құрыштай азаматтардың жаттығу жұмыстарына куә боп қайтты.
Ернұр Медет, тілші:
Мына сарбаздарды қазақ әскерінің қаймақтары десе болады. Сайдың тасындай іріктелген жігіттер кезекті рет армия айбынын асқақтату үшін таңның атысы, күннің батысы тынбай жаттығып жатыр.
Биыл шеруге 24 парадтық топ қатысады. Жауынгерлердің жалпы саны 4 мыңнан асады. Әр қадамы, әр қимылы өлшеулі саңлақтар алаңда еш мүдірмей жүріп өтуі тиіс.
Дархан Қалибаев, ҚР ІІМ Ұлттық ұлан құрмет қарауылы ротасының взвод командирі:
Бұл әскери шеруге барлық әскери құрылымнан үздік болған әскери топтар қатысып жатыр. Барлығы да сақадай-сай. Сол себепті жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймыз.
Мерекелік шеруде от пен суға дес бермес 300-ге жуық жауынгерлік темір тұлпар сап түзеп жүріп өтеді. Олардың қатарында тарихи кезеңнің куәгері болған техника үлгілері де бар.
Арсен Шаймарданов, ҚР ІІМ Ұлттық ұлан бронды-танк қызметінің бастығы:
Отандық өнімдер «Алан 2», «Барыс 6/6» тағы басқа «Кобра2», «Урал» сынды техникалар бар. Әр техниканың өз ерекшелігі бар. Жауынгерлерді атыс оқтарынан қорғайды және минаның жарылуынан қорғайтын техникалар.
Жеңістің 80 жылдығына арналған маңызды парадта елге қалқан болған ұландардың құрлықтағы ғана емес, көктегі күші де сыналады. Ұшқыштар қазір басқа аймақта дайындалып жатыр. 7 мамыр күні бес қаруы түгел жауынгерлік жасақтың озық үлгісін көрсетілмек.
Мереке Көшекбаев, ҚР Қарулы күштері құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы:
Біріншіден, жасөспірімге әскери-патриоттық тәрбие. Екіншіден, ол біздің мына соғысқа қатысқан қазақстандық ардагерлерге құрмет. Еске алу - өте маңызды.
Ернұр Медет, тілші:
Жалпы, дайындық өте тыңғылықты жүріп жатыр. Себебі мұндай ауқымды шеру елімізде соңғы рет 2017 жылы ұйымдастырылған. Енді араға 8 жыл салып қазақ әскері әлді ме, техникасы тегеурінді ме деген сұрақтарға анық жауап алынбақ.
Ернұр Медет
