АҚШ-та Трамп пен Илон Маскке қарсы жаппай наразылық акциясы өтті. Жүз мыңдаған адам көшеге шығып, Ақ үй басшысының саяси экономикалық реформаларын сынға алды.
Трампқа қарсы наразылық шаралары бұған дейін де бірнеше рет өткен. Алайда, бұл жолғысы өте ауқымды болды. «Қолыңды тарт» деп атау берілген шара елдің елу штатын түгел қамтыды. Оның ішінде ірі қалалар Бостон, Нью-Йорк, Чикаго, Лос-Анджелес және Вашингтонда мыңдаған адам көшеге шыққан. Жалпы, бір мезгілде ел бойынша 1400 наразылық акциясы болған.
Меніңше, үнсіз қалмау маңызды. Үнсіздік — бұл таңдау емес. Адамдар белсенді болуы тиіс. Бұл тек біздің қауымдастық үшін емес, бүкіл әлем үшін маңызды деп ойлаймын. Меніңше, шыдамның да шегі бар.
Трамп билікті қолына алғалы либералдар тарапынан қатты сынған ұшырап жатыр. Федералды агенттіктерде жаппай жұмыстан шығару, иммигранттарды депортациялау, қаржыландыруды қысқарту әрекеттері демократтарға ұнамай отыр. Дегенмен, сауда серіктестеріне қатысты кең ауқымды тарифтер енгізуі жақтастарын да өзіне қарсы пікір айтуына себеп болды. Көшеге шыққан халықтың пікірінше, Ақ үйдің тариф саясаты жаппай қымбатшылыққа ұрындырып, қарапайым америкалықтардың қалтасын қағады.
Мен бұрын да шеруге шыққанмын, ол алғаш рет сайланған кезде. Бірақ ол қайтадан сайланғанына әлі де сене алмаймын. Ол экономика мен үкіметті құртып жатыр және бұл бәрі, қарапайым адамдар үшін емес, тек Илон Масктың, барлық миллиардерлердің және басқалардың мүддесі үшін жасалып жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бір күн ішінде ұзын саны 600 мың адам наразылық шараларына қатысқан. Тек АҚШ жерінде емес, бүкіл әлемде оның ішінде Еуропа елдерінде де мыңдаған америкалық президент саясатына қарсы көшеге шықты. Алайда, бұған уайымдап жатқан Трамп жоқ. Әкімшілік өкілдерінің айтуынша, АҚШ президенті демалыс күндерін Флоридадағы жеке сарайында гольф ойнаумен өткізген.
Жалғас Сәдібекұлы
