Елімізде жұмыссыздар МӘМС бойынша емделе алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жұмыссыздар МӘМС бойынша емделе алады

12.03.2025

Пәтер иелері кооперативтеріне жаңа талаптар. Бүгін Мәжіліс Тұрғын үйлерді басқару жүйесін өзгертетін заң жобасын мақұлдады. Заңға сәйкес көпқабатты үй тұрғындары басқару формасын өздері таңдай алады. Жалпы, бүгінгі отырыста депутаттар 10-ға жуық заң жобасын талқылады. 

Жұмыссыздар МӘМС бойынша тегін емделе алады. Медициналық сақтандыру жүйесі туралы заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жоба негізгі үш бағыттан тұрады, біріншіден, 2027 жылға қарай кепілдендірілген көлемдегі тегін медициналық көмек пакетін екі есе, яғни 57%-дан 32%-ға қысқартып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетін 68%-ға ұлғайту көзделіп отыр. Екіншіден, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың МӘМС қорына төлейтін жарнасының жоғары шегін 10 еселенген, ең төменгі жалақыдан 50 есе арттыру қарастырылған. Үшіншіден, жергілікті бюджет есебінен жұмыссыздар мен әлеуметтік дағдарыс деңгейіне жататын азаматтар үшін МӘМС қорына жарна төлеу көзделіп отыр.

Тұрғын үйлерді басқару туралы жаңа заң жобасы мақұлданды

Сондай-ақ Мәжіліс тұрғын үйлерді басқару жүйесін өзгерту туралы жаңа заң жобасын мақұлдады. Оған сәйкес көпқабатты үй тұрғындары басқару формасын өздері таңдай алады.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жаңа заң жобасына сай басқару формасы ретінде екі нұрсқа ұсынылады. Біріншісі – меншік иелерінің бірлестігі, екіншісі – тікелей бірлескен басқару. Бұл жай серіктестіктерге ұқсас. Ерекшелігі тікелей бірлескен басқаруда пәтер санына шектеу қойылмайды. Ең бастысы тұрғындар басқару процесін қалай ұйымдастыру керектігін өздері шешеді.

Бір сөзбен айтқанда барлық ПИК міндетті түрде қайта тіркеуден өтеді, жаңадан жарғы бекітеді және тек коммерциялық емес ұйым ретінде жұмыс істейді. Бұл дегеніміз пәтер иелері кооперативтерін енді жеке басқару формасы болмайды. Олар бірнеше үйді біріктіретін шаруашылық құрылымға айналады.

ҚҚС: Депутаттар жаңа ұсыныс айтты

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Мәжілістің жалпы отырысында 10-ға жуық заң жобасы талқыланып, өзгертулер мен толықтырулар енгізу жағы қаралды. Солардың арасындағы маңызды құжаттардың бірі - жаңа салық кодексі. Жиында депутаттар қосылған құн салығына қатысты тағы ұсыныстар айтты.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әр саланың өзінің жағдайы бар. Соған байланысты дефференциация керек дейміз. Біреудікі 7 пайыз болсын, біреудікі 22 болсын. Тым маржиналды сала болса. Ал шынымен де әупірімдеп, енді ғана басталып жатқан сала - жүн өндіру, тері илеу болсын, оларға бір зауыт сияқты қарау - қателік.

Яғни, әр саланың табысын саралап, соған сай салық салу керек дейді депутаттар. Айта кету керек, қосылған құн салығының мөлшерлемесін 16 пайызға дейін көтеру ұсынылып отыр. Алда қоғамдық палатада заң жобасына қатысты жаңа ұсыныстар тағы талқыланады.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу