Инвестициялық жобаларды іске асыруға келгенде мемлекеттік органдардың қимылы сылбыр. Жергілікті әкімдік пен бизнес арасында өзара байланыстың жоқтығынан болашағы зор бастамалар аяқсыз қалып отыр. Осылай деген Олжас Бектенов Үкімет отырысында экономиканың дамуын тежеп тұрған бірқатар мәселені атады. Биыл қолға алынған ірі жобалар да аз емес. Мемлекет бірқатар ипотекалық бағдарламаға қаржы бөлмек. Үкімет отырысынан Айя Мүтәлі.
Үкімет отырысы қызметіне енді кіріскен Өнеркәсіп және құрылыс министрінің ант беру рәсімінен басталды.
Коммуналдық желілерді жаңғыртуға 13 трлн теңге инвестиция тартылады
Бұдан соң министрлер кезек-кезек экономика өсімі үшін биыл атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Алдағы 5 жылда тозығы жеткен жылу электр станциялары мен коммуналдық желілерді жаңғыртуға 13 трлн теңге инвестиция тартылады.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:
Ұлттық жоба инвестициялардың өсуіне, сондай-ақ жаңа отандық тауарлар мен елдің коммуналдық инфрақұрылымын салу кезінде өнімдері сатып алынатын өндірушілердің пайда болуына ықпал етеді.
4 су қоймасы салынады
Ал үш өңірде төрт жаңа су қоймасы салынады. Жамбыл, Қызылорда облыстарындағы нысан егін суаруға арналса, Батыс Қазақстандағы қоймада қар суы сақталады. Осылайша, су басу қаупі бар 2 елдімекеннің мәселесі шешілмек. Онда 5 мың адам тұрады.
АЭС құрылысына қаржы қайдан алынады?
Ал атом электр станциясын салу үшін құрылыс материалдарын алған елден несие алынуы мүмкін.
Арман Қасенов, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:
Алдымен құрылысқа жауапты компанияны, онда қолданылатын технологияны анықтап алу қажет. Әзірге бұл мәселелер ашық күйде қалып отыр. Нақты шешім қабылданған жоқ.
Тұрғын үй саласына 500 млрд теңге бөлінеді
Сонымен бірге тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру үшін 500 млрд теңге бөлінеді. Оның 300 млрды жалға берілетін 21 мың пәтерді сатып алуға, 120 млрд теңге инфрақұрылым желілерін іске қосуға жұмсалмақ. Ал 80 млрд теңге Отбасы банкінің 2 және 5 пайызбен берілетін ипотекалық бағдарламаларын қаржыландыру үшін қажет.
Әрі биыл 53 теміржол вокзалы жөндеуден өтеді. Оның құрылысы сәуір айында басталуы тиіс.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Ол өте маңызды. Еліміздің имиджіне, беделіне өте әсер ететін мәселе. Сондықтан оны биыл аяқтау қажет.
Үкімет басшысы ел экономикасындағы бірқатар мәселені көтерді
Ал салаға қомақты қаражат тарту үшін инвесторларға жағдай жасау қажет. Үкімет басшысы осы тұста инфрақұрылым жетіспеушілігі мен қағазбастылықтың кесірінен бірқатар ірі жобаның аяқсыз қалғанын мысал етіп, инвесторлардың мәселесін өз уақытында шешпеген шенеуніктерді сынады.
Айя Мүтәлі, тілші:
Сондай-ақ Үкімет басшысы бизнесті қаржыландырудың ақсап тұрғанын айтады. Ал банктер тұтынушылық несиеден көбірек табыс тапқан соң, кәсіпкерлерге ұзақ мерзімді қаржы беруге құлықсыз. Осы тұста Олжас Бектенов оларды өнеркәсіп және инфрақұрылым жобаларын да қаржыландыруға тиіс екенін кесіп айтты.
Айя Мүтәлі
