53,3 млрд теңге. Блогерлер осынша салық төлемеген. Мемлекеттік кірістер комитеті 594 блогер мен инфлюенсерді кірістерін жасырды деп айыптап отыр. Комитет мәліметінше, олар 2022-2023 жылдар аралығындағы табыстарын дұрыс көрсетпеген. Бұл қаражатты анықтау үшін камералдық бақылау жүргізіліп, салық декларациялары тексеріліпті. Олар расымен де салықтан жалтарды ма? Тиісті органдар не дейді? Қоғам талқысына түскен тақырыпты әріптесім Серік Жұмабек зерделеп көрді.
53,3 млрд теңге. Аз қаржы емес. Бұл табысын жасырды деп айыпталған блогерлердің мемлекет алдындағы берешегі. Тіпті кімнің қанша қарыз екені көрсетілген тізім де желіде жүр. Блогер Өркен Кенжебекке Мемлекеттік кірістер комитеті 214 млн теңге салығың төленбеген деп ескерту жіберген. Ал ол өзіме тиісті берешектің бәрін төледім деп отыр.
Өркен Кенжебек, блогер:
Үкіметке қазір ақша керек қысқасы, салық органдарын да әбден қинап жатқан секілді қайдан болсада ақша тап деп. Жеке кәсіпкер ретінде артық төлемесек, кем төлеген жоқпыз. Бірақ шамасы басқа банктердегі, басқа карталардағы айналған жалпы соманы есептеп, ол жаңағы 3 пайыздан асып кетті, енді тағы да 10 пайыз төле деп отырған секілді.
Кіріс-шығысын түгендеуге кіріскен блогердің бірі – Әлішер Елікбаев. Олда қарыздың қайдан шыққанын түсінбей әлек. Айтуынша, өткен жылдардың салығын толық төлеген. Енді жауапты орган өкілдері мән-жайды түсіндіріп айтса дейді. Өзінің болжамы мынадай.
Әлішер Елікбаев, блогер:
Қайдан алдыңдар ол 5 миллионды? Маған көрсетіңдерші. Соның бәрін бізге біреу көрсетсе жақсы болушы еді. Қазірше менің ойлағаным, олар бар ақшаны санап отыр. Иә айлық келіп тұрады маған. Мен ол айлықты бір картадан, екінші картаға жіберсем, ол мынаны да санайды, ананы да санайды. Депозиттен ақшаны өз картама салсам депозиттегі ақшаны да санайды. Ол дұрыс емес қой енді, ол бір ақша ғой. Кімнің қалай төлегенін білмеймін, өзім тазамын.
Енді табысын жасырды деп айыпталған азаматтар 30 жұмыс күні ішінде салық органдарына берешегі жоқ екенін дәлелдеуі керек. Егер оны орындамаса, есепшоттары жабылып, салықтық тексерулер тағайындалады.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Сомаларына байланысты әркім дәлелдеуіне мүмкіндік бар. Кеше төрт-бес блогердің жазбасын көрдім. Иә салық комитетіне барып келдім, Каспи арқылы, басқа арқылы біздің бүкіл табыстарымызды шын мәнінде көріп отыр екен. Бізге бүкілін берді, енді соны заңдастырып қарап жатырмыз. Мынау табысы, мынау ағайынның көмегі, мынау қайырымдылық болып табылады. Бәрін дәлелдесін, әрқайсысының қағазы болады ғой.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин блогерлер кәсіпкерлік қызметпен айналысқан деп отыр. Егер салық төлеуден жалтарғаны анықталса қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Жеңіс Елемесов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары:
Біз қылмыстық істі тек уәкілетті орган тиісті тексеру жүргізіп, мемлекетке салықтардың төленбегені туралы акт немесе қорытынды ұсынғаннан кейін тіркей аламыз. Соманың мөлшері қолданыстағы заңнамамен қарастырылған шектерден асып кетсе, онда қылмыстық іс тіркеледі. Егер бұл шекке жетпесе, онда олар Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Ресми ақпарат бойынша өткен жылдың 9 айында блогерлер 1,2 млрд теңге салық төлеген. Бұл ресми тіркелген 745 блогердің қазынаға құйған қаржысы. Есіңізде болсын, егер Instagram, TikTok, Youtube әлеуметтік желілерінде 20 мыңнан асатын оқырманыңыз болса, сізде салық төлеуге міндеттісіз.
Серік Жұмабек
