Екібастұздағы ЖЭО-ның қазіргі жағдайы қалай?
Олигархтар оңдырмаған стратегиялық нысан мемлекет меншігіне өткен соң оңалды. Екібастұз жылу-электр орталығы қазір тұтас қаланы еш қиындықсыз жылытып тұр. Ал екі жыл бұрын жекенің иелігіндегі нысан қарашада қатып қалып, Екібастұз халқы алты ай қыстан әрең шыққан болатын. Кәсіпорынның қазіргі жағдайы қалай? Әріптесім Болат Аманбаев жеткізеді.
Болат Аманбаев, тілші:
Екібастұздағы атышулы ЖЭО осы. Атышулы дейтінім, 2 жыл бұрын кәсіпорын қатып қалған болатын. Ал мына ғимараттың сыртқы келбеті соғыстан кейінгі нысанды елесететін. Қазір, міне, көріп отырсыздар, сырты қапталған, терезелері ауыстырылған, мына құбырлардың да сырты жамалған.
Аяз қысқанда осы есі құбырлар шыдас бермей жарылып, көп жұрт көктемге дейін жылуға жарымады. Сол кезде құрылған мемлекеттік комиссия мүшелері стратегиялық нысанның ішіне резеңке етікпен де кіре алмай қалған еді.
Болат Аманбаев, тілші:
Қазандықтағы қызыл шоқтан басқа менің айналамдағы мына жабдықтарды бірінен-бірін айыру қиын болатын. Себебі ғимараттың іші күлге толып, шаң басты. Слесарьлар мен техниктер жұмыс орнында 10 минуттан артық аялдай алмайтын.
Тіпті төбесі құлап ғимарат іші азынап кетті. Қаланы жылыту былай тұрсын, мамандар жұмысын тастап қашты. Ал қазір жағдай басқа.
Райгүл Үмиева, Екібастұз ЖЭО-ның жұмыскері:
Куфайкамен жүретінбіз. Енді өздеріңіз көріп тұрсыз, цехтың іші жылы. Арнайы киім бермейтін. Қазір қысқы арнайы киім береді. Айлығымызды 40 пайызға көтерді. Желтоқсан айында екі рет сыйақы берді. Бұрын сыйақы ешқашан бермейтін.
Ерсінтай Төлеутайұлы, ауысым басшысы:
Көмір де шаң да болды. Қазандықтар ол кезде нашар жұмыс істеді. Режим жаман болды. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары уақытында атқарылады. Мамандар тапшылығы әлі де бар. Бірақ қазір жақсы, жан-жақтан оқу бітірген жастар келіп отыр.
Қазір орталық қалаға 80 градустық температурамен 14 200 тонна ыстық су беріп тұр. Бу қазандықтары мен су қыздырғыш қазандықтар түгелдей жөнделді. Бірақ күтім көрмей әбден ескіргендіктен ара-тұра сыр береді.
Айдарбек Қыстаубаев, Екібастұз ЖЭО-ның бас директоры:
Стансада ақаулар осы жылу маусымы басталғалы бері 3 рет болды. Ол бу қазандықтарының ақауларына байланысты. Бірақ қалаға жылудың мөлшері ешқашан төмендеген емес. Бізде қазір резерв бар. Қалаға артығымен бере аламыз.
Жұмысшы мамандық иелерінің мәртебесін көтеру үшін кәсіпорын еңбекақыны 40 пайызға көтерген. Жастар жұмысқа қабылданып жатыр. Оларға төленетін әлеуметтік жәрдем көлемі де биыл ұлғайтылған.
Болат Аманбаев
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
