Мемлекет басшысы Украина төңірегіндегі жағдай туралы пікір білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Украина төңірегіндегі жағдай туралы пікір білдірді

13.02.2025

Екі алпауыт ел саяси диалог жүргізе бастағаны – оң үрдіс, әрі Қазақстан үшін де тиімді қадам. Астанада өтіп жатқан «Жұмысшы мамандықтары» қаласын аралаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев студенттермен кездесу барысында осылай деді. Президент елдегі тыныштық пен тұрақтылықтан асқан құндылық жоқ екенін айтты. Сондай-ақ жастарға «кез келген еңбек қадірлі, құрметке лайық» екенін еске салып, тынбай еңбек етуге шақырды. Жұмысшы мамандықтары қаласынан Айя Мүтәлі. 

Айя Мүтәлі, тілші:

Бұл – болашақ мамандардың, жұмыс берушілердің, білім беру ұйымдарының өзара ынтымақтастығы үшін құрылған алаң. Әрі Жұмысшы мамандықтары жылында ұйымдастырылған алғашқы іс-шара. Фестивальде әр салаға арналған 8 көше бар.

Қалашықта 200-ден астам мамандық ұсынылған. Қонақтар өзін әр салада сынап көруі үшін интерактивті платформалар қойылған. Ондағы мақсат – еңбек нарығына білікті жастарды тарту. Фестивальді бүгін Президент те аралады. Жастармен тілдесіп, жігерлендірді.

Президент Украинадағы жағдайға тоқталды

Президент кездесу барысында Украинадағы жағдайға тоқталды. Бейбітшіліктен асқан бақыт жоқ екенін тағы бір мәрте айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір Украина жөнінде көп айтылып жатыр. Біз алғашқы кезден бастап осы соғысты міндетті түрде тоқтату керек, дипломатиялық келіссөздер арқылы бір мәмілеге келу қажет деп айттық. Бұл ұстанымымыз енді шындыққа айналды. Екі алпауыт ел саяси сұхбат жүргізе бастады. Бұл – жақсы үрдіс. Әрі Қазақстанға пайдасын тигізеді. Сондықтан біз мұны мейлінше қолдаймыз.

Жаңа мамандықтар атласы әзірленіп жатыр

Қазір елімізде жаңа мамандықтар бойынша арнайы атлас әзірленіп отыр. Онда әр өңірге қажетті кәсіп иелері жазылады.

Олжас Сәкенов, «Мамандығым – болашағым» жобасының жетекшісі:

Сіздің тапсырмаңыз бойынша біз 9 өңірлік атласты дайындадық. Осы жоба аясында біз 500-ден астам жаңа мамандықтарды анықтадық. Қалған өңірлерде осы жылдың аяғына дейін жобаны бітіреміз.

Фестивальде 10 меморандумға қол қойылды

Фестиваль қазірден өз нәтижесін беріп жатыр. Соңғы екі күнде оқу орындары мен компаниялар арасында 10 меморандумға қол қойылды.

Әсет Мұхамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік департаментінің директоры:

Меморандум не береді деген сұрақ туындауы мүмкін. Колледжердің материалдық техникалық базасын нығайтуға, студенттерге практикалық жұмыстарды ұйымдастыруға, оқушыларды тағылымдамадан өткізуге өз әсерін береді.

Ал тағылымдама кезінде көзге түскен студенттер бірден жұмысқа қабылданады. Мәселен, еліміздегі ірі тау-кен компаниясы бұған дейін 20-дан астам оқу орнымен келісімі болған. Былтыр өнеркәсіпте тәжірибеден өткен 700-ден астам студентті жұмысқа алыпты.

Олжас Мамырбаев, жұмыс беруші:

Әр студенттің қасында біздің өнеркәсіпте тәлімгер қояды. Ол тәлімгерлер баланың практикалық құзыреттерін қарайды. Қай цехқа бұл баланы болашақта жұмысқа жіберуге болатыны бойынша өзінің кеңесін береді.

Ал елімізде кәсіптік-техникалық білім беретін 772 колледж бар. Онда жарты млн-нан астам студент оқиды. Жаңа оқу жылынан бастап оқу орындарына бөлінетін қаржы көлемі 2 есе артады. Яғни мемлекет әр студент үшін жылына 437 мың теңге емес, енді 912 мың теңге бөледі. Қазынадан бұл мақсатқа 58 млрд теңге қарастырылған.

Ал кәсіптік білім беретін 6 колледж бүгінде халықаралық аккредитациядан өткен. Енді мұндағы түлектердің дипломы Қазақстанға ғана емес, шет елдерге жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Соның бірі – Маңғыстаудағы жоғары политехникалық колледж.

Зарипа Шолтанова, Маңғыстау жоғары-политехникалық колледжінің директоры:

Бұл халықаралық стандарт. Әлем мойындаған стандарт. Сондықтан шетелдік компанияларға жұмысқа тұру үшін білім алушыларға  сертификат береміз. 

Колледж студенті Бексұлтан Тұрғанқұл болашақта атом электр станциясында еңбек еткісі келеді. Бұған дейін түрлі халықаралық чемпионаттарға қатысып, әлемдегі ең үздік 10 дәнекерлеуші қатарынан көрінген.

Бексұлтан Тұрғанқұл, студент:

Болашақта атом электр станциясы салыну жобасында дәнекерлеуші ретінде жұмыс істегім келеді. Сол жерде өзімнің біліктілігімді шыңдап, үлкен компанияда істеген-  мен үшін үлкен бақыт. Ендігі ойым – Дания қаласында өтетін EuroSkills қатысу, соған дайындық үстіндемін. 

Дәнекерлеуші Райхан Наркенова да түрлі әлемдік чемпионаттарда топ жарған. Қазір Хромтаудағы шахтада жұмыс істейді. Бұл салаға келуіне әуелде жақындары қарсы болғанын айтады.

Райхан Наркенова, дәнекерлеуші:

Негізі көбісі қарсы болған. Қолынан келмейді деген әңгіме де болды. Намысым оянып кетті. Қазақтың қызы болған соң, бәріне дәлелдегім келді. Әйел адамның да қолынан біраз зат келетінін дәлелдегім келді. Бұл осымен аяқталмайды. Биік дәрежелерге жетуге тырысамын. Алға қойған мақсаттарым бар.

Ал 16 жастағы Гүлім былтыр әлемдегі үздік шаштаразшы байқауында жеңімпаз атанған. Қазір өз саласы бойынша колледжде білім алып, қосымша еңбек етіп табыс тауып жүр.

Гүлім Ғабит, студент:

Менің мамандығыма деген қызығушылығым көптеген жетістіктерге жеткізді. Соның бірі 2024 жылы WorldSkills үздік маман медальонын жеңіп алдым. Меніңше, бұл – жастарға жасалған үлкен мүмкіндік. Біз, жастар, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге тырысамыз.

Айя Мүтәлі, тілші:

Жұмысшылар қаласында түрлі шеберлік сабағы, бос орындар жәрмеңкесі мен түрлі тренинг өтіп жатыр. Фестиваль 15 ақпанға дейін жалғасады. 5 күнге жоспарланған шараға еліміздің әр аймағынан 30 мыңнан астам адам қатысады.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу