Түркістан облысында жекеменшік мектептердің 3400 қызметкері желтоқсан айынан бері жалақы алмаған. Мемлекеттік тапсырысқа жұмыс істеген 150-ге тарта білім ұясы оқушыларға беретін ыстық тамаққа, оларды тасымалдауға да қаражат таппай отыр. Мектеп құрылтайшылары мен ұстаздар қауымы бүгін облыстық білім басқармасынан мәселені жедел шешуді талап етті. Тараптардың пікірін тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы тыңдады.
Бұл - Түркістандағы жекеменшік мектептердің бірі. Үш айдан бері жалақы алмаған мұғалімдер жұмыстан кетіп жатыр.
Анар Әлімбекова, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
Қазір шотымның барлығы бұғатталып бітті. Несиемді төлей алмай жатқаныма да үш айдың көлемі болды. Бала-шағама тамақ тауып беру қиын болып тұр. Уақытылы төлемегеннен кейін пәтерді босатуын сұрап жатыр. Қыста мен қазір қайда барып тұрамын?
Балшырын Имантаева, мұғалім:
Мен де пәтерде тұрамын. Күйеуіммен сол айлық үшін жұмыстан шық деген мәселе болып жатыр. Екі балам балабақшада. Олардың да тамақтарының ақшасын төлей алмай, балабақшадан шық деп жатыр. Жолға да ақшамыз жоқ. Тасымалдау көлігімен таңертең амалдап келеміз, қайтамыз. Осылай күн көріп жүрміз.
Ал мектеп құрылтайшысының сөзінше, 450 балаға білім беру үшін ай сайын 48 млн теңге төленіп келген. Соңғы екі айда ақша түспегендіктен, қаржыны өз қалтасынан шығарыпты. Енді оны да таппай отырмын деп қынжылады.
Зерек Ешмұратов, мектеп құрылтайшысы:
Қазір несие алып, төлеп жатырмыз. Мұғалімдер кетіп жатыр. Біз енді балаларға осы жерде үш мезгіл тамақ береміз. Тасымалдау көлігі деген бар. Ақшамыздың барлығы таусылды.
Мектеп құрылтайшылары мен ұстаздар бүгін облыстық әкімдікке келіп, мәселені тез арада шешуді талап етті. Қаражат бөлінбеген жағдайда білім ошақтары жаппай жабылмақ. Ал жауапты мамандардың сөзінше, қаржыландыру тетіктері өзгерген. Яғни бұған дейін өңірдегі 55 мың балаға ай сайын бөлінетін 5 млрд-тан астам қаржы Білім және ғылым министрлігі тарапынан тікелей төленіп келген. Енді ақша жергілікті басқармаға түсіп, кейін қаржы орталығы арқылы таратылмақ.
Жандос Махамбетов, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Жалпы, 147 мекемені қаржыландыру керек болған. Бізге жоспар бойынша 92 мекемеге келіп тұр. Қазір тиісті министрлікпен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Алдағы он күннің көлемінде бұл мәселелерді шешу үшін толығымен жұмыс жүргізіледі.
Жаңа ереже бойынша әуелі соңғы екі айдың ақшасы төленеді. Ал желтоқсандағы жалақы біразға дейін дау болатын сыңайлы. Өйткені қаржы орталығы да, жергілікті басқарма да құрылтайшыларға ақша жоқ деп отыр. Мәселе министрлік арқылы шешілмек.
Айнұр Әбілқасымқызы
