Ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерге салық салынбайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерге салық салынбайды

12.02.2025

Ауыл шаруашылығы өнімін өндіретіндер қосылған құн салығынан толықтай босатылады. Бұл шаруаларға жасалған үлкен көмек, дейді картоп өсірумен айналысатын ақтөбелік кәсіпкер Миржан Әлжанов. Енді одан әрі алаңсыз жұмыс істеп, табысымызды еселеуге мүмкіндік мол, қосылған құн салығының болмауы өнімнің бағасына да оң әсер етуі тиіс деп есептейді шаруа.

Миржан Әлжанов, серіктестік басшысы: 

Оны жалғыз мен емес, ауыл шаруашылығымен айналысатын жігіттердің бәрі қолдайды деп ойлаймын. Себебі ҚҚС бізге өте ыңғайсыз. Себебі бағаны көтеру керек, ол қанша процент болады? Бұл істеп отырғаны өте дұрыс деп ойлаймын. Бізге едәуір көмек болайын деп тұр.  

Қосылған құн салығы өссе, төмен маржамен жұмыс істейтін компаниялардың шығыны артады. Әсіресе шектеулі ресурстармен күн көріп отырған коммуналдық қызмет көрсету саласындағы компаниялардың табысы азайып, халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер етуі мүмкін, дейді екібастұздық кәсіпкер. Мәселен, қосылған құн салығын кәсіпкерлердің бәрі төлемейді. Дәрі-дәрмек, акциздік маркалар, түсті және қара металл сататындар салықтан босатылған. Ал жылу, су, жарық, қоқыс шығаруға жауапты мекемелерге дәл сондай жеңілдік берілсе, тұрғындарға да тиімді болар еді, дейді депутат. 

Серік Сәдуақасов, Павлодар облыстық Мәслихатының депутаты, кәсіпкер: 

Аталған компаниялар босатылса, солардың тарифы 12%-ға түсер еді. Бүгінгі күні жылу беретін, жарық беретін, су беретін, қоқыс шығаратын компаниялар мүлдем ҚҚС-тан босатылса, олар халыққа, абоненттерге қоспаушы еді. Сол кезде тариф бағасы 12% төмендеуші еді.

 Жақсыбек Кемал, Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу