БҰҰ Қазақстанның бітімгер әскеріне жыл сайын $5 млн жұмсайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҰҰ Қазақстанның бітімгер әскеріне жыл сайын $5 млн жұмсайды

12.02.2025

Біріккен ұлттар ұйымы Қазақстанның бітімгер әскеріне жыл сайын 5 млн доллар жұмсайды. Қорғаныс министрінің орынбасары бүгін халықаралық ұйыммен жасалған келісімді Мәжіліске таныстырды. Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, 2,4 млн доллар жауынгерлердің жалақысына, техника, қару-жарақ пен мүлікті жалға алу үшін төленеді. Келісімшартта арнайы миссияға жіберілген жасақтың қауіпсіздігі де қамтылған. Әскери қызметші миссия кезінде жарақат алса, кемі 6 айлық төлемақы алады. Ал қаза тапқан жағдайда 60 айлық мөлшерде төлем беріледі. Біріккен ұлттар ұйымы қосымша 77 мың АҚШ долларын төлейді.

Айта өтейік, еліміздің бітімгер әскері былтыр наурыз айында Голан жоталарына аттанған. Арнайы миссияға 139 отандасымыз қатысты. Олар Таяу Шығыстағы аудандарды бақылау мен блок-бекеттерді күзету, жарылғыш заттарды тауып, аумақты тазарту жұмыстарымен айналысты.

Шайх-Хасан Жазықбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

Өткен жылдың аяғында болған шиелініс кезінде біздің бітімгершілік рота шиеленісті тоқтатуға қатысты іс-шараларға қатысқан жоқ. Меморандум аясында тек бітімгершілік миссияның азаматтық персоналды Дамаск қаласына дейін эвакуациямен айналысты және басқа да мемлекеттердің бітімгерлерін базаға эвакуация жасаумен айналысты.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу