Бастауыш мұғалімі зілтемір көтеруден әлем чемпионы атанды. Елордалық Айгүл Ержанова Мысырда өткен пауэрлифтингтен халықаралық жарыста 2 алтын алып келді. Чемпион ұстазды өзі еңбек ететін мектеп ұжымы бүгін сабаққа гүл шоқтарымен қарсы алды.
77 келі салмақпен 100 келі зілтемірді оңай көтерген Айгүл Ержанова 23 елден келген қарсыласын басып озды. Әлем рекордын жаңартты. Айтуынша, бұл спортқа келуіне туған інісі әрі қазіргі бапкері себеп болған. Небәрі 1,5 жыл бұрын алғаш рет жаттығу залына барған.
Айгүл Ержанова, ауыр атлетикадан Әлем чемпионы:
Спортқа қатысқан 1,5 жылда 45 медаль алып, 8 рекорд жаңарттым. Енді Мысырға барып, елді танытып келдім. Мұнда да қара күші бар мықты әйелдер бар екенін дәлелдедім. Тіпті менің салмағымды көтере алмаған әйелдер бар.
Ол қаладағы №50 Райымбек батыр атындағы мектепте 8 жылдан бері еңбек етеді. Жалпы еңбек өтілі 30 жылға жуықтаған. Ұстазымыз бізге үлгі дейді оқушылары. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімінің 1,5 жылда ауыр атлетикадан жинаған медаль саны 45-ке жеткен.
Нұрасыл Жарылқап, оқушы:
Бізге кітап оқыңдар, болашақта керек болады, спортқа барыңдар деп өз ақыл-кеңестерін айтып жүретін. Мен қазір спортқа барып жүрмін. Әр жарыста апайдан үлгі аламын, осы жарысты ұтуға өз алдыма мақсат қоямын.
Айгүл Ержанованың әр күні мектепте өтеді. Одан тыс жаттығу залына барады. Қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалмайды. Тіпті мектепке ерте келіп, ауладағы қарды тазалайды. Мұнымен балаларды еңбексүйгіштікке баулып келеді дейді мектеп директоры.
Жанар Өмірханқызы, мектеп директоры:
Ол кісінің спорты, білім беру жағынан бөлек, қыстың күні ертеден ерте келіп мектеп ауласындағы қарды да күреп тастайды. Балаларға еңбек ету керек екендігін көрсетіп отырады бұл кісі.
Айта кетейік, Айгүл Ержанова былтыр «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған. Ауыр атлетикадан өтетін халықаралық кезекті жарысқа дайындалатынын жеткізді.
Аида Ахметбек
