Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесі отырысын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесі отырысын өткізді

10.02.2025

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» директорлар кеңесінің отырысы өтті. Жиында компания төрағасы Нұрлан Жақыпов инвестициялық жобаларды іске асыру туралы баяндады. Қазіргі уақытта мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика, көлік-логистика және басқа да салалар бойынша құны 33 трлн теңгеден асатын инвестициялық 46 жоба жүзеге асып жатыр. Биыл «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын пайдалануға беріп, Жетісу өңіріндегі 66 елдімекенді газбен қамтылады. Кендірліде теңіз суын тұщыту зауытын іске қосу жоспарланған. Осылайша Үкімет Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысындағы су тапшылығы мәселесін шешуге ниетті. Көлік-логистикалық бағытта Сиань қаласында жүк терминалы салынды. Жиын соңында Үкімет басшысы маңызды жобаларға инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырды.

 Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

2024 жылы біраз жобалар сәтті аяқталды. Дегенмен Мемлекет басшысы біздің жұмысымыздың басым бағыты ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды, көлік пен логистиканы дамыту, сондай-ақ цифрландыру және жасанды интеллект болуы тиіс екенін атап өтті. Үкімет еліміз үшін маңызды жобалардың іске асырылу жағдайын бақылауда ұстайды. Мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп азайта отырып, бірлескен инвесторларды белсенді тарту қажет. Жобалардың уақытылы жүзеге асуын қатаң бақылауды тапсырамын.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу