IELTS-тан 9 ұпай алып әлемдік рекорд орнатқан қазақ қызы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

IELTS-тан 9 ұпай алып әлемдік рекорд орнатқан қазақ қызы

06.02.2025

17 жастағы алматылық Сая Қыдырәлі әлемдік рекорд жаңартты. Ол ағылшын тілінен халықаралық IELTS емтиханын тапсырып, елімізде алғаш болып, ең жоғары 9.0 ұпай жинады. Статистикаға сүйенсек, бұл нәтижеге емтихан тапсырушылардың небәрі 0,5 пайызы қол жеткізеді. Алғыр қыз ағылшын тілін алты жасында үйреніп, бір жылда еркін сөйлеген.

Сая бұл бейнежазбада – 9 жаста. Ол қатарластарына тіл үйренудің оңай әрі жеңіл жолдарын үйретіп жатыр.

Ал 14 жасында екі бірдей халықаралық ұйыммен бірлесіп ағылшын мектебін ашады. Қазір өзі секілді дарынды жастарға халықаралық IELTS емтиханын тапсырудың жолдарын үйретіп жүр. Сондай-ақ, алпыстан аса адамды жұмыспен қамтып отырған жас кәсіпкер. Елімізде алғаш болып ағылшын тілінен ең жоғары көрсеткішке жеткен ол, күніне 10 сағат тіл үйренуге уақыт бөлемін дейді.

Сая Қыдырәлі, № 116 жалпы білім беретін орта мектептің оқушысы:

Мен 16 жасымда төрт рет 8,5 ұпай жинадым. 8,5 ұпайды бір-ақ пайыз адам алады әлем бойынша. Менің ішімде одан да жоғары алуға талпыныс болды. IELTS жақсы ағылшын тілін ғана талап етпейді. IELTS-ты түсіну керек. IELTS бізде шахмат сияқты. Яғни, логика мен стратегиясын түсінсең, жоғары ұпай аласың.

Саяның ұстазы, анасы – Шолпан Дінәсілова. Қызының талантын ерте таныған ана, тіл үйренудің тетіктерін үйретіп, әрі қарай өз бетінше дамуына ықпал еткен.

Шолпан Дінәсілова, Саяның анасы:

Қанша жылдағы ішіндегі арманы еді. Өзінің жеке басындағы дүние емес, қазақ жастарына осындай үлкен мотивация берсем, маған қарап балалар болады екен ғой деп сенім ұялату мақсатында көтерген ауыр жүгі деп ойлаймын.

Сая биыл мектеп бітіреді. Арманы мектебін халықаралық деңгейге көтеріп, математика, физика ғылымының дамуына үлес қосу.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу