Былтыр 6,6 млн. тонна астық жинап, соңғы 10 жылда болмаған рекорд орнатқан аграрлы Ақмола өңірі биыл бидайдың негізгі көлемін қысқартпақ. Егістікті әртараптандыруға сәйкес майлы дақылдарға басымдық беріледі. Өңірде биыл 5,4 млн гектар егістік алқабын игеру жоспарланып отыр. Жалпы ақмолалық диқандар қақаған қысқа қарамастан көктемгі егіс науқанына дайындықты ерте бастап кетті. Қазір ауыл шаруашылығы құрылымдарында техника жөндеу, тұқым даярлау, тыңайтқыш сатып алу жұмыстары қыза түскен. Ақмола облысы бойынша 70 шақты шаруа жеңілдетілген несие бағдарламасымен 30 млрд теңге рәсімдеуге өтінім берген. Қазір көбі сол қаржыны алып та үлгерді.
Нұрбек Бадырақов, Ақмола облысының а/ш және жер қатынастары басқармасының басшысы:
Біз наурыз айының аяғына дейін осы дала жұмыстарына қаржыландыруды аяқтаймыз. Одан бөлек үкімет тарапынан қазір 76 мың тонна жанар-жағармай бөлінді, көктемгі дала жұмыстарына. Мұнай өңдеу зауыттары операторларына босату бағасы литріне 232 теңге. Жалпы шаруаларға 254 теңгенің көлемінде литріне босатылады деп жоспарлап отырмыз. Бұл нарықтағы бағамен салыстырғанда 15 пайызға арзан бағамен босатылады.
Былтыр ел диқандары соңғы 13 жылда болмаған көрсеткішке қол жеткізіп, 26,7 млн тонна астық жинады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 60%-ға көп. Сонымен қатар еліміз 3,2 млн тонна майлы дақылдар, 2,9 млн тонна картоп және 3,9 млн тонна көкөніс алды. Қазақстан жыл сайын 8-9 млн тонна дәнді-дақыл өнімдерін экспорттайды, оның 6,5-7,5 млн тоннасы бидай.
Бибінұр Әмірханқызы
