Көзін жұмып, сурет салатын қылқалам шебері әлеуметтік желіде көптің ықыласына бөленіп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көзін жұмып, сурет салатын қылқалам шебері әлеуметтік желіде көптің ықыласына бөленіп жүр

03.02.2025

Көзін жұмып, сурет салатын қылқалам шебері Ренат Елубаев әлеуметтік желіде көптің ықыласына бөленіп жүр. Туабітті дарын иесінің айтуынша, «Суретші суретті көзбен көрмес бұрын, жүрекпен сезіну керек».

«Таңғажайып адам». Ренат Елубаев шетелдің бұл телешоуында әлем халқын расымен таңдай қақтырды. Ол экранда көрсетілген картинаны шолып шығып, екі көзі байлаулы күйде айнытпай салып шыққан еді. 60 өнерпаздың ішінен финалға шыққан суретшінің айтуынша, суретті көрмей, сезініп салу ой еркіндігін береді. Бұл қабілет әр суретшінің кәсібилігіне байланысты дейді.

Ренат Елубаев, суретші:

Көзімді ашып тұрсам, бір жерде қате жіберіп қоямын ба деген қорқыныш сезімі болады. Ал көзді жұмып тұрған кезде ол қорқыныштың бәрі далада қалады. Тек қана батылдық, еркіндік пайда болады. Қосымша өзімнің кәсіби деңгейім бар. 
Көзі көретін адамдар ақпараттың 80%-ын көру арқылы қабылдаса, зағип жандарда ішкі, түйсігі мен сезімдері ерекше дамыған. Осылай деген қылқалам шебері қазір зағип жандарды сурет салуға үйретеді. Қараңғылық оларды сыртқы әлемнен айырғанымен, өздерін шынайы естуге мүмкіндік береді дейді суретші. 

Ренат Елубаев, суретші:

Сенесіздер ме? Көзі көрмейді, суретті өмірде салып көрмеген адамдар бар, қазір олар сурет салатын деңгейге жетті.  Пикассоның сөзі бар ғой, суретші үшін көз керек емес, ең бастысы жүрек керек деген.
Екі жасынан бері сурет салатын қылқалам шебері қазір жаңа жанрды меңгеріп жүр. Ғылыми тілмен мұны абстракция бағыты дейді. Яғни, бастан кешкен эмоциялар мен сезімдерді қағаз бетіне сурет арқылы түсіру. Суретші мұны тылсым әлемге теңейді.

Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу