Ақмолада балабақшада ер адам тәрбиеші болып қызмет етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Ақмолада балабақшада ер адам тәрбиеші болып қызмет етеді

Ақмолада балабақшада ер адам тәрбиеші болып қызмет етеді

Ал балабақшалардағы өзекті мәселе – тәрбиешілер арасында ер адамның жоқтығы. Мектепке дейінгі білім мекемелерінде негізінен әйел адамдардың жұмыс істейтіні белгілі. Алайда Ақмола облысының балабақшаларының бірінде ер адам тәрбиеші болып қызмет етеді. Арман Кәрібайұлының тобына арнайы жазылып, баласын ер адамның тәрбиесіне беруге асық жандар көп көрінеді.

Баланы еркелете отырып тәрбиелей білу үлкен шеберлікті қажет етеді. Бүлдіршіндермен жұмысты Арман Кәрібайұлы осылай креативті амандасудан бастайды. Сөйтіп ол әр баланың бойындағы қабілет көзін ашып, қиялын ұштауға тырысады. Бойларын сергітіп дене жаттығуларын жасау да баланың көңіл-күйіне оң ықпалын тигізеді,-дейді ол. Ең бастысы бұл қызмет – Арман Кәрібайұлының өз қалауы.

Арман Кәрібайұлы, тәрбиеші:

Мен өзімнің мақсатымды, миссиямды білдім, яғни балалармен жұмыс істеу мен үшін жеңіл, тиімді екенін және пайдалы екенін түсіндім. Енді бірінші біз қоғамға пайдалы болуды ойлаймыз ғой. Мысалы, әрбір адам мемлекетіне, еліне, жеріне, халыққа, ата-анаға болсын пайдалы болу керек. Сондықтан осы мақсатты алдыма қойғаннан кейін мен балалармен жұмыс істей бастадым.

Балабақшада ер адамның қызмет етіп жатқанына алғашқыда бәрі таң қалыпты. Алайда уақыт өте келе Арман Кәрібайұлының тобына баласын беруге асық ата-аналар көбейе бастайды. Қазір осы қазақ тобында 25 бала бар. Тәрбиеші ата-аналармен де тығыз байланыс орнатқан.

Сәрсен Боранбаев, ата-ана:

Балабақшада ер адамның жұмыс істеуі ер балаларға да, қыз балаларға да жақсы әсерін беріп жатқан сияқты. Өйткені қазіргі кезде көп жерде әйел ұстаздар сабақ беріп жатады. Осында қызым оқиды. Үйге барғанда Арман ұстазды мақтап айтып отырады. Бірдеңе болып қалса, ағайыма айтып қоям деп жатады. Әрине бұл кісінің балабақшада жұмыс істеп жатқаны тамаша деп ойлаймыз.

Арман Кәрібайұлының Щучинск қаласындағы балалар шығармашылық орталығында тәрбиеші болып жұмыс істеп жүргеніне биыл 14 жыл. Содан бері балалардың жан-жақты дамуына өз үлесін қосып келеді.

Бибінұр Әмірханқызы, тілші:

Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, қалалық жерде тұратын ер адам өз уақытының 45 пайызын жұмыста, 35 пайызын ұйқыға арнайды екен. Ал қалған 15 пайызын үй шаруасы мен басқа тірліктерге жұмсайды. Сонда алтын уақытының тек 5 пайызын ғана отбасы ортасында өткізеді. Бұл да – ой салатын дерек. Ендеше балабақшада ер адамның қызмет етуі осы олқылықтың орнын толтырып, бүлдіршіндердің үйлесімді дамуына зор септігін тигізеді. Бұған «Болашақ» шағын орталығының мамандарының да, ата-аналарының да көзі жетіп отыр.

Бүгінде балабақшада да, мектепте де оқушыларға сабақ беріп жүрген мұғалімдердің басым көпшілігі – әйелдер. Бұл – баланың мінез-құлқына кері әсер етпей қоймайды, қыз мінезді жігіттердің көбеюі соның салдары, - дейді мамандар. Айта кетейік, Арман Кәрібайұлы тек Щучинск қаласында ғана емес, жалпы Ақмола облысы бойынша балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін – жалғыз ер азамат.

Бибінұр Әмірханқызы


Бөлісу