Ұлттық қордан әр балаға 129 доллар түсті. Биыл бөлінген қаражат былтырғыға қарағанда көп. Қазір әр баланың шотына 232 доллар қаражат жиналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан «Ұлттық қор-балаларға» жобасының негізгі мақсаты - келешек ұрпақтың білім алуына мүмкіндігін арттырып, үйлі болуға жағдай жасау. Самал Қабышеваның бейнематериалы.
888 млн доллар. Биыл ұлттық қордан балаларға қаражат аудару үшін осынша қаржы бөлінді. 7 млнға жуық баланың әр қайсысының шотына 129 доллардан түсті. Бұл балалардың 300 мыңнан астамы биыл 18 жасқа толады. Яғни, кәмелетке толғаннан кейін қордағы қаражатты жұмсай алады.
Дүйсен Әділханов, ҚР Қаржы министрлігі департамент директорының орынбасары:
18 жасқа толғаннан кейін осы жиналған қаражатты алуына құқықтары бар. Алғанда да екі нысаналы бағытқа бөлінетін болады. Қолма-қол ақша қолға тимейді. Ол тек ғана тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім беру мәселесі бойынша яғни, білімін ұштауға, оқу орындарына төлем ретінде пайдалануға болады.
Ұлттық қордан ақшаны аудару үшін Отбасы банкінен немесе Халық банктен арнайы шот аштыру қажет. Өтінім қабылданып, барлық құжат дұрыс болған жағдайда қаражат бірден түседі. Биылдың өзінде мұндай мүмкіндікті 53 мыңнан аса бала пайдаланыпты.
Дүйсен Әділханов, ҚР Қаржы министрлігі департамент директорының орынбасары:
2025 жылдың 1 қаңтарында 53 001 адам сол қаржысын алуға өтінім беріп, сол 53 001 адамның сұранысы орындалды. Оның ішінде үй жағдайын жақсартуға байланысты 2,9 млн долларға және 2,3 млн доллар білімін ұштауына, білімге байланысты осы қаражат аударылды.
Самал Қабышева, тілші:
Ұлттық қордан әр балаға түскен қаражатты eGov Mobile қосымшасы арқылы тексеруге болады. Ол үшін қосымшаға кіресіз. «Цифрлық құжаттар» бөлігін таңдау қажет. Ол жерде «Отбасы» батырмасы бар. Оған кірсеңіздер, «Ұлттық қордан есептеулер» деген бөлік бар. Осы жерде әр балаға түскен қаражат көлемі көрсетіледі. Қазір 18 жасқа дейінгі әрбір қазақстандық баланың жеке шотында қордан түскен 232 доллар бар. Бұл қаражат өсіп отыруы мүмкін. Барлығы қордың инвестициялық табысына байланысты. Яғни, инвестициялық табыс өскен сайын, әр балаға бөлінетін қаражат көлемі де ұлғайып отыратын болады.
Самал Қабышева