Басты Жаңалықтар Ерікті болу – жүрек таңдауы

Ерікті болу – жүрек таңдауы

Биыл халықаралық еріктілер жылын өткізу үшін Ұлттық ұйымдастыру комитеті құрылып, арнайы жоспар әзірленеді. Сондай-ақ елімізде кенжелеп тұрған экологиялық және зооволонтерлікті дамытуға басымдық берілмек. Еріктілердің басым бөлігі Алматылықтар. Олардың қатарында тек жастар емес, егде тартқан жандар бар.

Зере Мақсұтханның жасы он сегізде. Су тасқыны кезінде өңірлерге жылу жинап, атсалысты. Қазір күн суығанда, қар тазалап жүрген коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен тамақ таратып жүр.

Зере Мақсұтхан, ерікті:

Менің ойымша, ерікті болу деген қоғамға, өз еліңе, халыққа қызмет көрсету, өзіңнің жүрегіңдегі жылы сезімдерді жеткізу, сөзбен жеткізбесең де, іспен жеткізу.

Бағдат Халықова 40 жылға жуық есепші болып жұмыс істеген. Қазір зейнетте. Жасы алпыстан асқан шебер қолы қалт етсе, шала туған шақалақтарға арнап киім тоқиды.

Бағдат Халықова, ерікті:

Жүннен тоқылған нәрселер біріншіден, жылы. Екіншіден, массаж ретінде. Нерв талшықтарын оятып, оларды ұйықтап кетпеуге оятып отырады. Еріктіліктің ерекшелігі – жаңа туған балаға жылулық сыйлайсың. Екінші, анаға үлкен көмек. Қоғамға кішкене болса да жылулық сыйлап жүргенімізге өзімізді бақытты сезінеміз.

Елімізде 67 мыңнан аса волонтер тіркелген. Ал тек алып шаһар Алматыда 30 ұйым, 40 мыңнан аса ерікті бар. Олар былтыр 1000-нан астам қайырымдылық іс-шара өткізді.

Бағдат Анарбай, қалалық еріктілер фронт-кеңсесінің жетекшісі:

Еріктілеріміздің бір тобы қаламыздағы балалар үйіне тегін оқыту курстарын өткізеді. Сонымен қатар Алматыда жер сілкінісі болып тұрады. Сол жағдайда қалай көмек көрсетуге болады, сол бойынша волонтерлерімізді оқытқан болатынбыз. Түрлі елдерге волонтерлік бағыт бойынша тәжірибе алмасуға немесе волонтерлік қызмет көрсетуге аттанып тұрады.

Алпыстың шыңына шыққан Бағдат Халықова мен 18 жастағы Зере де «Ерікті болу – жүрек таңдауы», - дейді. Қос буын өкіліне ортақ қасиет бір. Ол – жақсылық жасау.

Айдана Қуантхан


Бөлісу