Қаңтар оқиғасына қатысты 2023 жылдың қыркүйек айында басталған сот отырысы аяқталды. Дүрбелең кезінде қылмыстық әрекеттерге қатысы бар деп айып тағылған 44 адамға сот үкімі шықты. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің «Адам ұрлау», «билігін асыра пайдалану» және «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» сияқты бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сот «Дикий Арман» деген лақап атпен танылған Арман Жұмагелдиевке 20 жыл, Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайбергенге 8 жыл түрме жазасын кесті. Осы іс бойынша айып тағылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов 15 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды
Сот 2022 жылдың 5 қаңтарында Жұмагелдиевтің тобы мен оның жақтастары Алматы қаласындағы Республика алаңына екі рет шыққанын анықтады. Олардың мақсаты жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды біріктіру және билікке талап қою үшін «Халық кеңесі» түрінде конституциялық емес орган құру болған. Кейін Жұмагелдиев тәртіпсіздіктерге қатысушылар санын көбейту туралы шешім қабылдаған. Осы мақсатта ол өзінің Шымкент қаласындағы қылмыстық топ мүшелерін Алматыға шақырған.
Алматы қалалық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұл үшеуінен өзге, Жұмагелдиев басқарған қылмыстық топтың құрамында болған 13 адамға 10 жылдан 15,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қылмыстық топтың құрамына кірмейтін басқа айыпталушылар 1,5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Асхат Әшірбеков, қалалық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
Сотталушылардың тергеу изоляторында болған әр күні 1,5 күн болып есептелсін. Негізгі күдіктілерден бөлек қылмысқа қатысы бар өзге азаматтар амнистияға іліксін. Себебі олар 1-2 жылға сотталып, тергеу мен сот ісі қаралған уақытта бұл мерзім өтеліп біткен.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Айта кетейік, бұл қылмыстық іске қатысты сот отырыстары жабық өткен болатын. Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне үкімді онлайн қадағалауға мүмкіндік берілді.
Қуан Нұрақын