Халықтың сынынан көз ашпайтын МӘМС-ті жетілдіру мәселесі бүгін Мәжілістің Үкімет сағатында қаралды. Депутаттар жүйені сынға алып, Асхат Аймағамбетов медициналық сақтандыру Денсаулық сақтау министрлігінің банкіне айналды деді. Бұл салаға жүргізілген аудит қорытындысы да мәз емес. 32 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалғаны анықталған.
МӘМС қорындағы ақшаны жымқыруды мақсат еткендер түрлі айла-тәсілін табуда. Мәселен, осы МӘМС бойынша 5 айлық баланың қанқұртын емдеттік деп қордан ақша сұратқан. Ал бес айлық баланың бұл сәтте қанқұрты болмақ түгелі, тіпті тісінің де шықпайтынын анық.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұдан да сорақы жағдай. Басқа бір адамның 82 тісі емделген екен. Соған қаражат төлесін деп қорға есеп берген екен. Тағы да бір кейс - бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп берген. Осындай бейберекетсіздік біреуге тиімді болып отыр ма деген ой бізді мазалайды.
Асхат Аймағамбетов осындай ойға қонымсыз олқылықтарға жол бермес үшін жасанды интеллектің көмегіне жүгінуді ұсынды. Нақты әдістеме мен ақпараттық жүйе қажет деді. Депутат Бақытжан Базарбекте өзекті сұрағын қойды. Депуттаттың келтірген мәліметіне сәйкес, Астанада екі бірдей лицензиясы жоқ емхана акушерлік қызмет көрсетіп келген. Ол аздай, бұл емханаларға міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан 16 млрд теңге қаржылай көмек беріліпті.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Салауатты Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 9 млрд теңге, «Шипагер» 7 млрд теңге бөлген. Осы қаражат қайтарылды ма?
Ал заңға сәйкес, аудиторлық палата қылмыстық істерге араласпайды. Процессуалдық шешім қабылдау үшін Бас прокуратураға жібереді. Ақмарал Әлназарованың сөзінше, 2024 жылы жүргізілген аудит қорытындысына сәйкес, 40 іс құзырлы органға жіберілген. Ал басты мәселе МӘМС қызметі халыққа қолжетімді болу үшін нақты жұмыстар қолға алынып жатыр.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Негізгі шарт - мемлекет халқының толықтай МӘМС жүйесіне енуі. Осыған байланысты жергілікті атқарушы орган есебінен осал топтағы азаматтарды, 15 категорияға жатпайтын азаматтарды жергілікті атқарушы орган есебінен тіркеу, әкімшілендіру жоспарланып отыр.
Осылайша министр жүйедегі кемшіліктерді жөндеп, алдағы уақытта реттеледі деген уәжін айтты. Енді МӘМС-ті жетілдіруде ақпараттың ашықтығына, цифрландыруға басымдық берілмек.
Самал Қабышева