Басты Жаңалықтар Алматы облысында «Денсаулық фестивалі» өтті

Алматы облысында «Денсаулық фестивалі» өтті

Алматы облысы Кеген ауданында «Денсаулық фестивалі» өтті. Таудың етегіндегі Тасашы ауылында ұйымдастырылған іс-шараға 500-ден аса адам қатысты. Салауатты өмір салтын ұстанған ауыл тұрғындары арқан тарту, күш сынасу, тас көтеру, шаңғы спорты түрлерінен сайысқа түсіп, өзара мықтыларды анықтады.

Спорттық шараға қатысушыларға жас шектеуі қойылған жоқ. Ең үлкені Орынхан Бәйезова 63 жаста. Бала күнінен асау үйреткен ол шарада үрмелі балонмен жүгіруден бақ сынады.

Орынхан Бәйезова, ауыл тұрғыны:

Спортқа деген ниетім жақсы. Жылда жүгіремін, орын аламын. Енді  өзімнің денсаулығым үшін келдім. Балаларыма үлгі, өнеге болсын. Спорт алаңына жиі қатысамын.

Жарыс шаңғымен жүгіру сайысында қыза түсті. Онда ерлер мен әйелдер жас ерекшеліктеріне қарай бөлініп, бақ сынасты. Ер азаматтар үшін белгіленген қашықтық 3 шақырым болса, әйелдер 1,5 шақырымды жүріп өтті.

Ернұр Стамбек, ауыл тұрғыны:

Қыстық спорттың ерекшелігі - таза ауа. Өзімнің ауылымда 48 баланы дайындаймын. Отбасыммен шаңғымен айналысамыз.

Ал қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық ойыны арқан тартыста әр топтан 3 ер, 2 әйел адам қатысты. Кеген ауданы атынан қатысқан спортшылар топ жарды.

Ерболат Сарабеков, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

«Денсаулық фестивалінің» аясында Райымбек, Кеген аудандарынан құрама іріктеліп, алдағы уақытта Алматы облысының чемпионатына іріктеу бойынша өткізіліп тұр. Бұл жерде денсаулық фестивалі деп қысқы спортқа баулу, дамыту, халықтың арасында қысқы спортқа насихаттау мәселесі тұр.

Жалпы, жарысқа әр ауылдық округтен 12 команда қатысты. Сайыстың жүлде қоры – 100 мың теңге. Ал қыстық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылған шара жалғасын табады дейді ұйымдастырушылар.

Айдана Қуантхан


Бөлісу