Еліміздің тау-кен, мұнай-химия және металлургия саласында ауқымды жобалар жүзеге асты. Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Басты мақсат – экономиканың тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, нақты секторды қарқынды дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашу» деген еді. Бұл мақсатта Ақтөбе облысында ілкімді істер атқарылды. Тек былтырдың өзінде 6 жобаға қаржы бөлінді. Ал ферроқорытпа зауытында жаңғырту жұмыстары 2032-ші жылға дейін жалғасады.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Зауытта төрт мыңнан аса адам жұмыс істейді. Оның үш жүз елуі тек осы цехта. Мұндағы ең алғашқы балқыту пеші 1943 жылы ашылған. Содан бері үзіліссіз жұмыс істеп тұр.
Кәсіпорынның үш балқыту цехы бар. Жылына 700 мың тоннадан аса өнім шығарады. Азамат Сүлейменов 11 жылдан бері осында балқытушы болып еңбек етеді. Қызыл жалын мен қызған темірдің ортасында жүретін маман тәжірибесінің арқасында қазір жас мамандарға білгенін үйретіп жүр.
Азамат Сүлейменов, металл балқытушы:
Біздің жұмыс нағыз ер азаматтарға тән, ыстығы да бар, ауырлығы да бар. 3-4 метрлік қашықтықта металл шығарамыз. Бұл жұмыстың қызығы да бар, қиындығы да бар, атқарып алып жүреміз соның бәрін.
Белсенді технологиялық дамудың арқасында кәсіпорын ел экономикасына зор үлес қосып келеді. Төртінші балқыту цехы он жыл бұрын қолданысқа берілген еді. Мұнда тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік ферроқорытпа саласы үшін де тұрақты ток пештерінде балқытудың инновациялы, бірегей технологиясы қолданылады. Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін кәсіпорыннан шығатын зиянды қалдықтардың көлемі 30% төмендеді.
Ержан Есімбаев, цех басшысы:
Шетел мемлекеттеріне сатылады. Оның арасында Қытай, Жапония, АҚШ-қа кетеді және Еуропа мемлекеттеріне, Ресейге кетеді. Ол көп салада қолданылады. Медицинадан бастап авиаөндірісінде де қолданылады.
Өңірде ірі өндіріс орындарының саны артып келеді. Арнайы экономикалық аймақ құрылды. Соңғы бір жылда 900 млрд теңгеден аса инвестиция тартылып, 6 ірі жоба жүзеге асты.
Досжан Әлібеков, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
Ақтөбе индустриалды аймағының териториясын ұлғайту жоспарланып отыр. Хромтау ауданында 150 га бекітілген, индустриялық аймақ құрылды. Өңдеу өнеркәсібінде, химия, машина жасау және жеңіл, құрылыс материалдарын шығару бойынша бізге қызығушылық танытып отыр.
Қазір шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. Ол нәтиже берсе, өңірде құны 500 млрд теңге болатын тағы он жоба жүзеге асады, мыңнан аса жұмыс орыны ашылады.
Жақсыбек Кемал