Шалғайдағы елдімекендерде дәрігер тапшы
Ақмола облысында медицина қызметкерлері тапшы. Соңғы екі жылда өңірге 174 жас маман келгеннің өзінде, әлі 190 дәрігер жетіспейді. Ауылдық жерге маман тарту үшін биыл оларға берілетін демеу қаржы 8 млн теңгеге көтерілді. Мұнымен проблема шешіледі ме? Жас буын дәрігерлер шалғай елдімекендерге баруға неге құлықсыз ? Тілшіміз анықтады.
Бибінұр Әмірханқызы, тілші:
Шағын қалалар мен ауылдарға жас мамандарды тарту мәселесі бүгінде өткір тұр. Мәселен, Бұланды аудандық ауруханасында еңбек ететін дәрігерлердің 30 пайызы зейнеткерлер. Жас мамандарды тартуға баспана мәселесі қолбайлау болып отыр. Қазірдің өзінде бірнеше дәрігер бұрынғы жұқпалы аурулар ауруханасының бос тұрған қабатының палаталарында тұрып жатыр.
Қызметтік пәтердің орнына аурухананың бос палатасы. Мұнда қазір медицина саласында 40 жыл еңбек еткен тәжірибелі терапевт дәрігер Тамаша Сыздықова тұрып жатыр. Өзге қаладан келген зейнеткер ауданда маман тапшы болғандықтан, қызметінен қол үзбей, әлі жұмыс істеп жүр.
Тамаша Сыздықова, терапевт:
Медицина саласында зейнеткерлер жұмыс істеп жүрміз. Жас мамандар елге аз келеді. Жас мамандарға әлеуметтік көмек жасалынбай жатыр. Пәтер берсе жастар келеді ғой. Бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Сондықтан келгісі келген азаматта,р жаңа бітірген жас мамандар онша құлшынып келе қоймайды.
Бұланды аудандық ауруханасына бүгінде хирург, эндокринолог, акушер-гинеколог, лор, онколог, маммолог және терапевт сияқты арнайы мамандар қажет. Ал ауданға келген 10 жас маманның 8-і салалық емес, жалпы тәжірибедегі дәрігерлер.
Марат Алтыбаев, Бұланды аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
Біздің аудандық әкімшілік 2025 жылға үш пәтерге ақша бөлді. Бірақ ол жетпейді. Жас мамандарды тарту үшін бізге пәтер керек. Пәтер бермесе олар келмейді.
Ауданда дәрігерлерге соңғы рет 2019 жылы баспана берілді. Содан кейінгі бес жылда Бұландыда медицина қызметкерлері үшін үй салынбады. Сондықтан аймаққа келген 2 дәрігер мен бір медбике әзірге аурухананың бос тұрған екінші қабатында тұруға мәжбүр. Үйдегідей жағдай болмаса да, амал жоқ, пәтер жалдап тұрғаннан жақсы дейді олар.
Жансая Әділбек, жалпы тәжірибелік дәрігер:
Облыс тарапынан Денсаулық сақтау министрлігі атынан көтергіш құрылғы берілді. Және үй мәселесі қазіргі уақытта қарастырылып жатыр. Жас мамандарға берілетін жалпы көмекті айтатын болсам, жас отбасы болатын болса, үй мәселесі қарастырылса, жастар көбірек келеді деген ойдамын.
Жергілікті билік өңірдегі маман тапшылығын жою үшін 400 оқу грантын бөлген. Ал облыс бойынша былтырдың өзінде 55 дәрігер баспанамен қамтылды. Жыл санап жас мамандарға берілетін көтерме ақы көлемі де артып келеді. Десе де, бұл игілікті бастама шалғай ауылдардағы маман тапшылығы мәселесін түбегейлі шешпеді.
Бибінұр Әмірханқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
