Қазақстандық шеберлер Брюссельдегі көрмеге қатысты
Брюссельде Орталық Азия елдері мен Моңғолия дизайнерлерінің көрмесі ашылды. Қазақстандық шығармашылық иелері көпшілікке киізден, жүннен тігілген киімдері мен зергерлік бұйымдарын ұсынды. Шараны «Мәдениеттер керуені» деп аталатын Орталық Азиялық креативті орталық ұйымдастырған.
Киізден киім, бұйым тігуден Қазақстан, Қырғызстан мен Моңғолия оқ бойы озық тұр. Осы елдердің тренд жасаудағы тәжірибесі еуропалықтар үшін маңызды. Қайталама шикізатты қайта өңдеу арқылы киім тігу де ысырапқа жол бермеудің бір жолы. Алматылық дизайнер Оксана Ян түйе жүнінен жасалған көрпелерден пәлте тігудің хас шебері. Жеке брендін Бельгиядағы дүкенінде саудалап, халықаралық көрмелерде көпшілікке ұсынып жүр.
Оксана Ян, дизайнер:
2020 жылы Қазақстанға анама қыдырып барғанда түйе жүнінен жасалған көрпені көріп, қатты ұнаттым. Сосын содан өзіме пәлте тігіп алдым, артынша әпкемнен тағы екі көрпені әкеліп, екі пәлте тіктім. Түйенің жүні өте жылы, әрі су өткізбейді. Бельгиялықтарға қатты ұнайды.
Елена Харитонова, «Мәдениеттер керуені» орталық азиялық креативті орталығының тең директоры:
Басты идеямыз Орталық Азияның, әсіресе Қазақстанның мәдениетін, шығармашылығын еуропалықтарға таныстыру. Себебі, Еуропа үшін қайта өңдеу өзекті тақырып, әрі жер шарында ресурс азайып барады. Көрмені жылда ұйымдастырып, қазақстандық дизайнерлердің бұйымдарын көрсетіп отырамыз.
Жерлесіміз Камиланың заманауи стильде жасаған әшекей бұйымдары да көпшіліклің қызығушылығын арттырды. Париждегі жоғары сән мектебін бітірген отандасымыз он жылдан бері Еуропада қазақтың зергерлік бұйымдарын насихаттаумен айналысып жүр.
Камила Флорентини, зергерлік бұйымдардың дизайнері:
Мен ерлер топтамасын, білезік, алқалар әкелдім. Инстаграм парақшама суретін шығарып үлгерместен, бәрін талап әкетті. Адамдарға ұнап жатқанына қуаныштымын. Осы сатылымнан түскен ақшаның бір бөлігін Қазақстандағы көмекке мұқтаж жандарға жіберемін.
Көрме 19 қаңтарға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар, қазақстандық шеберлер келесі жылы да шараға белсенді қатысады деген үмітте. Кеш соңында көпшілік қазақстандық студент Айдай Махатованың орындауындағы ән мен күйді тамашалап, Ұлы дала еліне виртуалды саяхат жасады.
Нұрсұлу Қасым
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
