Көкшетауда зейнеткерлер Жаңа жылдан бастап қоғамдық көлікте тегін жүреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Көкшетауда зейнеткерлер Жаңа жылдан бастап қоғамдық көлікте тегін жүреді

Көкшетауда зейнеткерлер Жаңа жылдан бастап қоғамдық көлікте тегін жүреді

Көкшетауда Жаңа жылдан бастап зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүреді. Бұған дейін осындай жеңілдікті тек соғыс ардагерлері мен оған теңестірілген азаматтар және I, II топтағы мүгедектер пайдаланып келді. Шаһарда жолаушыларға 3 тасымалдаушы мекеме, 94 қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. Ал жол жүру құны картамен 100 теңге болса, қолма-қол ақшамен төлем бағасы 200 теңге. Зейнетақыға ғана қарап отырған қарттардың қалтасына бұл салмақ түсіретін. Өңірде зейнеткерлерге қарастырылған жеңілдік мұнымен шектелмейді. Ақмолалық зейнеткерлерге келер жылдан бастап шипажайларға тегін жолдамалар қарастырылмақ. Яғни, әрбір зейнет жасындағы азаматқа 2 жылда бір рет денсаулығын қалпына келтіріп, сауығып келуге 118 мың теңгеге жуық қаражат бөлінбек. Айта кетейік, Көкшетауда 60 жастан асқан 30 мыңнан аса қарт тұрады.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

Келер жылдан бастап алғаш рет зейнеткерлерімізді санаторлық-курорттық емдеуге және Көкшетау қаласы бойынша қоғамдық көлікте тегін жүруге қаражат қарастырылған. Осы мақсатқа біз 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлеміз. Аймақтағы өзге қалалар мен аудандарда да бұл жобаны кең ауқымда жалғастыру қажет.

Бибінұр Әмірханқызы


Бөлісу